«Хан Тәңірі» сыйлығы табысталды

«Хан Тәңірі» сыйлығы табысталды
Сурет: видеодан алынды

Алматы облысында өңірдің үздік спортшыларына «Хан Тәңірі» сыйлығы табысталды.

Салтанатты шарада спорт саласына еңбек етіп жүрген мамандар «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасының туризм және спорт Министрлігінің және Алматы облысы Әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар ақшалай сыйақы берілді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Осымен екінші рет өтіп отырған үздік спортшыларды марапаттау рәсіміне облыстағы спорт саласының барлық өкілдері қатысты. Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы келер жылы спортшыларға берілетін сыйақы екі есеге артатын жеткізді.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Алматы облысының спортшылары үшін де табысты жыл болды деп есептейміз. Биыл спортшыларымыз халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда 1800-ден аса медаль иеленді. 146-ы әлем чемпионаттарында, ал 119-ы Азия чемпионаттарында.

Салтанатты жиында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт саласының үздік 130 өкілі марапатталды. Олардың арасында халықаралық жарыстарда ел мерейін асқақтатып жүрген спортшылар да бар.

Толғанай Қасымбек, бокстан әлем чемпионы:

Мүмкін емес нәрсе жоқ. Тек табандылық пен қайсарлықтың арқасында барлығына жетуге болады. Тәртіп пен дисциплинаға үйрену керек. Осылардың барлығы бойыңызда болса жеңіске жетпеу мүмкін емес.

Ерболат Сарабеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Айта кету керек, жазда өткен Азия ойындарында Алматы облысы екі алтын, үш қола медаль жеңіп алды. Қазақстан Республикасы бойынша үшінші орынға тұрақтады.

Жыл басынан бері Алматы облысының спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 1806 медаль иеленді. Ендігі меже - келер жылы өтетін Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсету.