Қазақстанға қайтарылған «Қазақстан»

Қазақстанға қайтарылған «Қазақстан»
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарияланған  жаңалықтарға шолу – күн керуені

Қазақ баласының әлемдік операсы

«Қазақ Моцарты» Рахат-Би Әбдісағин Шотландияның ең атақты патшаларының бірінің  750 жылдығына орай опера жазды. «Брюс» операсы Рахат бидің Шотландия Корольдік консерваториясындағы докторлық зерттеуінің бір бөлігі ретінде жазылған және Джон Барбурдың (шамамен 1375 ж.) ортағасырлық поэмасына негізделген. Либретто Шотландияның ең әйгілі патшалары мен әскери жетекшілерінің бірі Роберт I Брюстің тарихын баяндайды. Роберт Брюстің әскери жетістіктері Шотландияның тәуелсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарды.

Премьера болатын жер кездейсоқ таңдалған жоқ, дәл Глазго соборында Роберт I Брюс Шотландия королі ретінде алғаш рет танылды.

«Батыстың беделді консерваториясында білім алып, әлемдік өнерге өз үлесімді қосуға мүмкіндік берген «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымды білдіремін», – деді Рахат-Би Әбдісағин.

Қыс қаһарына мінді

Сол себепті еліміздің бірқатар өңірінде мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті. Сабақты мектепте оқытудан бас тартқан негізінен қысы суық солтүстік пен орталық аймақ және Шығыс Қазақстан облысы.

«Аңдамай сөйлеген...»

Тина Канделакидің косметикалық брендіне де Қазақстанда енді орын жоқ. Ресейлік журналист Тина Канделакидің Ansaligy брендінің қазақстандық сайты  ашылмай тұр. Қазақстанда орыс тілінің қолданыс аясы тарылып бара жатыр деп дау тудырған  Тинаның Ansaligy брендінің тауарлары елдегі «Золотое яблоко», «Beautymania», «Mon amie» секілді ірі косметикалық дүкен сайттарынан  жоғала бастады.

Жалақыға жарымаған...

Маңғыстаулық өрт сөндірушілер жұмысқа шығудан бас тартты. Олар әлеуметтік жағдайларына наразылық білдіріп, бейнеүндеу жолдаған.

Өздерінің айтуынша, айлық 130-150 мың теңге аралығында, еңбек демалысына 80 мың теңге төленеді.

«Айлығымызды 350 мың теңгеге көтеріп, әлеуметтік пакетті қосып, денсаулыққа зиянды аймақта жүргендіктен сүт және тағы басқа пайдалы азықпен қамтамасыз етілсін. Жыл сайын берілетін мерекелік сыйақылар 100% берілсін. Сапалы, өлшемі дұрыс киім берілсін. Жұмысшыларды қудаламауды сұраймыз. Осы талаптарымыз орындалмайынша, жұмысты тоқтатып тұрамыз!», деді наразы құтқарушылар.

Аяқ киімді таңбалау мерзімі тағы ұзартылды

Бұған дейін қоймаларда қалған аяқ киімдерді таңбалау мерзімі 2024 жылдың 1 ақпанына дейін ұзартылған еді. Ендігі мерзім 2024 жылдың 1 маусымына дейін созылды. Индустрия және құрылыс министрінің 2024 жылғы 13 ақпандағы бұйрығымен аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді. Бұйрық 2024 жылғы 27 ақпанда күшіне енеді.

Айыппұл арқалаған «Казцинк»  

Үлбі өзенін ластаған. Тексеру кезінде Экология департаменті мамандары алған сарқынды сулардың сынамаларында марганецтің 4,5 есе артық мөлшері анықталды. Сондай-ақ тазарту құрылыстарын дұрыс пайдаланбау салдарынан Үлбі өзеніне көптеген ағындар орын алғаны анықталды, жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша «Қазцинк»-ке ЖШС-не 50 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Қазақстан дәрігерлерін Жапониямен бірігіп дайындамақ

Денсаулық сақтау министрлігінде Жапонияның Нагоя университетінің профессоры Эйко Ямамотомен болған кездесуде екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Нагоя университетінің профессоры Эйко Ямамотоға өз ұсынысын айтты. Ол министрліктің жас дәрігерлер мен денсаулық сақтау менеджерлерін дайындау ісінде жапон мамандарымен әріптестікті нығайтуға дайын екенін айтты.

Қыркүйектен бастап мектеп әжетханаларына жаңа талаптар енгізіледі  

Жалпы білім беретін мектептер мен арнайы білім беру ұйымдарын дәретханамен қамтамасыз етуге қатысты тармақ қосылды. Мұндай нысандардың санитарлық тораптарында дәретханалар, қолжуғыштар, қол жууға және кептіруге арналған құралдар, дәретхана қағазын ұстағыштар, қоқыс жәшіктері орнатылғаны айтылады. Бұл ретте санитарлық тораптар дәретхана қағазымен қамтамасыз етілген. Мектепалды даярлық сыныптарына арналған мекемелерде балалар дәретханасы орнатылған. Студенттер мен оқушыларға арналған дәретханалар есіктері бар кабиналарда орналасқан.

Нұрсұлтан Назарбаев қамауға алынды

Бірақ бұл Қазақстанның бұрынғы Президенті емес, оның 23 жастағы аттасы, Нұрсұлтан Назарбаев есімді жүргізуші. Полицияның тексеруінен өте алмаған жүргізуші 15 күнге қамауға алынды.Назарбаев көлік құралын жеті жыл мерзімге басқару құқығынан айырылды.

Қазақстандық ғалымдар табиғи жемшөп жасап шығарды

Олардың жобасын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым Қоры қолдап отыр. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор М. А. Юрий Балджидің жетекшілігімен ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарға арналған байытылған экструдталған құрама жем және жемшөп қоспалары әзірленді.

«NFT-KATU» ЖШС-нің шығарылатын өнім желісі биожолақтар түріндегі аралар варроатозымен күресуге арналған препараттарды қосу, иттерге арналған азық-түлік, ал болашақта мысықтарға және балықтардың бағалы тұқымдарына арналған азық-түлік дайындау арқылы кеңейді.

Пәкістан курсанттары Қазақстанда болып қайтты

Пәкістандық әскери қызметшілер мұндай сапарларға өңірмен, әскери оқу орындарының тыныс-тіршілігімен танысу және байланыс орнату мақсатында Орталық Азия елдері бойынша жыл сайынғы тур шеңберінде шығады. Шетелдік делегацияның басшысы әскери колледж кафедрасының бастығы бригадалық генерал Васим Куасир мұндай кездесулер танымдық және практикалық тұрғыдан пайдалы әрі курсанттарға тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігі деп санайды.

Қазақстанға қайтарылған «Қазақстан»

Алматы прокурорлары «Қазақстан» шипажайын мемлекет меншігіне қайтарды. 2013 жылы шипажай директоры "Қазақстан" шипажайдың барлық мүлкін кепілге қойып, кірісті жасанды түрде арттырып, ғимараттарды жөндеуге 2,6 миллиард теңге несие алған.Алматы қаласы прокуратурасының апелляциялық шағымы бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, бұл сома 1,8 млрд теңгеге дейін қысқартылды.

680 миллион жымқырған...

Алматы облысы Іле аудандық білім бөлімінің басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.  Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Жәндіктер неге  жарыққа үймелейді?

Белгілі болғаны, қараңғыда жәндіктер жарыққа ұмтылмайды екен. Жарық оларды бағытынан жаңылдырады, дәлірегі, навигациялық жүйесіне кедергі келтіреді. Гравитацияға арқа сүйей алмай қалатындықтан жәндіктер жарық маңынан ұзап кете алмайды. Эволюция барысында жәндіктер табиғаттағы жарық көзі – аспанға жотасын беруді үйренген. Тік қалпында қалуы үшін. Ал кешкі жарық бұл жүйеден адастырады.