Қазақстандықтар қанша алтын сатып алды?

Қазақстандықтар қанша алтын сатып алды?
Сурет: ашық дереккөз
Ұлттық банк қазан айында сатылған алтын құймалардың көлемін және оны ең көп сатып алған аймақтардың тізімін жариялады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 
Бүгінде алтын құймалар екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде сатылады. Қазан айында тағы 102,3 келі болатын 2 881 алтын құйма сатылды.
1 465 дана (51%) алтын құймалар сатылған аймақ ретінде тізім басында Алматы тұрса, онан кейінгі орынға Шымкент қаласы жайғасыпты. Бұл аймақта 504 дана (17%) алтын саудаланған. Ал 257 дана (9%) алтын саудаланған қала ретінде Астана үшінші орынға жайғасқан. 
"Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері алтын құймалардың құнын сол мезетте өтей отырып клиенттен кері сатып ала алады. Осы уақытқа дейін жалпы салмағы 686,7 келі 26 385 өлшенген құйма кері сатып алынды. Бұл – жалпы сатылған алтынның 18 проценті. Кері сатып алынған алтын құймалардың барлығы ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа қайта тапсырусыз сатылады", - дейді мамандар.
Айта кетері, халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы 2017 жылы іске қосылған болатын. Содан бері жалпы салмағы 5,0 тонна 143 745 алтын құйма сатылды.
Қазіргі кезде алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алуға болады.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады. Олар - 5, 10, 20, 50 және 100г. Қазақстандықтар 10 грамдық алтын құйма жиі алады.