Қазақстандық теннисшілер Дэвис кубогіне дайындықты бастады

Қазақстандық теннисшілер Дэвис кубогіне дайындықты бастады
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстан ұлттық құрамасы теннистен Дэвис кубогінің плей-офф кезеңіне дайындықты бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, қазақстандықтар 16-17 қыркүйекте Софияда Ұлттық теннис орталығының топырақ төсенішінде Болгариямен плей-офф матчын өткізеді.

Команда капитаны Юрий Щукиннің бастауымен Александр Бублик, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев және Александр Недовесов қазір жаттығу үстінде.

Бұл қос құрама арасындағы алғашқы кездесу болмақ. Осыған дейін Болгария командасы Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне ешқашан шығып көрмеген.

«Болгария құрамасының көшбасшысы Григор Димитровтың қатысатыны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Әзірге ол тізімде жоқ, бірақ 15 қыркүйек күнгі жеребеге дейін құрамға енгізілуі мүмкін. Дэвис кубогі – командалық жарыс. Мұнда рейтинг онша рөл атқармайды. Димитровсыз да Болгарияда жақсы теннисшілер бар, оның үстіне олар өз жанкүйерлерінің көз алдында ойнайды. Сондықтан оңайға түспейді. Дегенмен командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне шығу үшін бізге қалайда жеңіс керек», - деді Қазақстанның екінші ракеткасы Тимофей Скатов.

16 қыркүйек күні жекелей сында екі бәсеке өтеді. 17 қыркүйекте бір жұптық, тағы екі жекелей кездесу ойналады. Матч жеңімпазы алдағы жылдың ақпанында Дэвис кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алу үшін сынға түседі.