Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды
Сурет: интернеттен

Форумға мемлекет басшылары Астанадан бейнебайланыс арқылы қатысады.

Жиын қатысушылары климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығына қалай әсер ететінін талқылайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық "Ауыл шаруашылығы – қуатты экономиканың негізі" ынтымақтастық форумы жұмысын бастады.

"Шекара маңы ынтымақтастығы форумының ауылшаруашылық туралы тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені екі елдің экономикасында аграрлық сала маңызды орын алады. Форум барысында талқыланатын мәселелердің бірі, әрине, ауыл шаруашылығы саласына қатты әсер ететін климаттағы өзгерістер мәселесі. Қостанай облысының аумағында соңғы екі жыл құрғақшылық болды және бұл экономиканың осыы секторының дамуына қатты әсер етті", - деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Форум жұмысына 500-ден астам адам, атап айтқанда, Ресей Федерациясының 12 облысы және Қазақстанның 8 облысының өкілдері қатысады.

"Қостанай облысы еліміздегі ең ірі аграрлық өңірлердің бірі болғандықтан форум өткізу орны ретінде таңдалды", - дейді Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Айдарбек Сапаров.

Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин XIX өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысады.

Форум Қостанайда өтіп жатыр, оған мемлекет басшылары Астанадан бейнебайланыс арқылы қатысады. Офлайн пленарлық отырысқа Республика премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Сергей Оверчук қатысады. Сондай-ақ Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің отырысы және пленарлық сессиялар өтеді.

Сессия тақырыптары:

Қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық технологиялар;

Жастар және ауыл шаруашылығы: білім берудегі жаңа трендтер.

Форум қорытындысы бойынша келісімдердің сенімді пакетіне қол қойылады деп жоспарланған.