Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын арттыруды көздеп отыр

Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын арттыруды көздеп отыр
Сурет: Ria.ru

Алматы станциясын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек Бек айналма теміржол желісін салуды жоспарлап отыр.

Орталық коммуникациялар қызметінде көлік-транзит әлеуетін дамыту тақырыбында жиын өтті. Онда теміржол желілерін жетілдіру жолдары айтылды, деп жазады Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz сілтеме жасап.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің айтуы бойынша, «Достық-Мойынты» теміржол дәлізін жаңғырту жобасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілді. Оны іске асыру жүктерді тасымалдау жылдамдығын және Қытай – Еуропа – Қытай транзиттік дәлізі бойынша теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілетін бес есеге арттырады.

Бұдан басқа, компания Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісі мен Алматы станциясын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек Бек айналма теміржол желісін салуды жоспарлап отыр.

«Дарбаза-Мақтаарал желісі Сарыағаш мемлекетаралық түйісу пункті мен Ташкент торабында инфрақұрылымдық шектеулерді «кестелеуге» мүмкіндік береді. Жетіген-Қазыбек Бек айналма жолы жүк ағынын қайта бағдарлау есебінен Алматы торабының жүктемесін кемітуді  қамтамасыз етеді және жүктерді жеткізу уақытын қысқартады», - дейді Әлмағамбетов.