Қазақ ғылымының мәртебесін көтеру керек

Қазақ ғылымының мәртебесін көтеру керек
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласының дамуына аса мән беріп отыр. Бұл бағытта жаңа мемлекеттік бастамалар жасала бастады. Осы орайда, еліміздегі ғылым-білімнің дамуы туралы Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор Жұмажан Жаңбыровпен әңгімелескен едік.

– Өзіңіз академик, ғылым адамы ретінде еліміздегі ғылым саласының дамуы туралы қандай пікір білдіресіз?

– Қазіргі күні Әділетті Қазақстан, жаңа экономика құрамыз деп ұмтылып жатырмыз. Осы мақсатта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырмалар беріп, Ұлттық Ғылым академиясының статусын өзгертіп, ғылымның дамуын жеке бақылауға алатынын жеткізді. Өйткені, ел ахуалын көтеру үшін экономиканы ғылыми негізделген, заманауи технологиялық қолдаусыз іске аспайтыны мәлім.

Мен өзім ауыл шаруашылық саласында бас инженер болып Талдықорған, Атырау облыстарында жұмыс істедім. Сонда еліміздің аймақтарының ауылшаруашылық саласындағы ерекшеліктерін байқадым. Біріншіден, егістік орналасқан жерлердің құнарлылығы, ылғалдылығының сақталуы, тегістігімен суару ерекшіліктері бар. Демек, нақты өнім алу үшін сол жергілікті егістіктің жағдайына сәйкес агротехнологиялық процестер орындалуы керек. Мысалы, Талдықорған жағдайында жүгері немесе картоп егуде атқарылатын технологиялық процестерді, Атырау облысында дәл солай қолдана алмаймыз. Өйткені, әр аймақтың ауа райымен техникалық және технологиялық мүмкіндіктері басқа.

Екінші, мен 15 жыл жүк тасымалымен айналыстым. Сонда байқағаным, жол жағдайымен инфрақұрылымы мүлдем сын көтермейді. Сонымен қатар, елімізге кеңінен қолданысқа ие болып жатқан сырттан келген жүк автокөліктеріне сервистік қызмет көрсетер арнаулы мамандандырылған орталықтардың болмауы. Осы жылдар ішінде Германиядан бес рет автокөлік айдап келген және айына төрт рет Ресейдің Новосібір қаласына 16 тонналық Мерседеспен жүк тасыған адаммын, яғни алыс жол үстіндегі қиындықтармен, сервистік қызмет орындарының қажеттілігін жақсы түсінемін. Егер біз, соның ішінде биліктегілер отандық экономикамыздың тасымалдау үрдісіне тәуелді екенін мойындасақ, жол инфрақұрылымдарына үлкен көңіл бөлуіміз қажет. Осы тұста маман ретінде мынаны баса айтқым келеді, бүгінгі өмір сүріп отырған ортамыздың, яғни экологияның, табиғаттың жағдайы, қазіргі көлік түрлерінен, әсіресе, темір жолдан мүлдем бас тартып, табиғатқа зиянсыз тасымалдау амалдарын ойластыруымызды меңзейді. Өздеріңіз айналаға көз салып көріңіздерші, темір жолмен автокөлік тас жолдарын салу үшін қаншама табиғатқа зиян келтіреміз...

Сонымен қатар, қарапайым тұтынушылар «неге отандық азық-түлік қымбаттай береді», – дейді. Оның басты себебі, жоғарыда айтқандай, тасымалдау бағасына байланысты. Өйткені, осы оңтүстік өңірлерде орналасқан ауылшаруашылығы бірлестіктері, жеке кәсіпкерлер өздерінің өнімдерін, мысалы, мал басын Кеңес кезіндегідей мал соятын комбинаттарға өткізер мүмкіндігі жоқ. Ал арадағы көтерме саудамен айналысатындар олардан төмен бағамен алып, Алматы базарына өткізеді, демек аралық қызмет көрсетушілер арқылы ет бағасы өсіп отыр, екінші жағынан малдың терісі, жүні, ішкі мүшелерімен сирақтары, т.с.с. мүшелері қоқысқа айналады.  

Мен осы мал соятын арнаулы орталықтар мәселесімен 1987–1990 жылдары айналысқанмын. Біз Қазақ Ауылшаруашылық институты жанында арнаулы «Ғылыми-конструкторлық орталық» ұйымдастырып, әртүрлі технологиялар ұсынып, патенттер алып, Алматыда өткен Халықаралық «Малшаруашылығы технологиясы–89» көрмесіне қатысып, Еуропадан келген кәсіпкерлерін қызықтырғанбыз және мен солардың шақыруымен үш рет Германияда болдым. Өйткені, малдың тұяғынан, мүйізінен бастап, терісі, жүні, ішек-қарны мен қанына дейін бәрін пайдаға асыруға болады, яғни «қалдықсыз» технология жүйесін ұсынғанбыз. Мысалы, қазір дүкендерде үй мысықтарына арнайы брикеттер сатылады. Оның бәрін сойылған малдың қанын кептіріп, содан жасауға болады. Малдың тұяғын, мүйізін, сүйегін кептіріп, қытайлар ұнтақ жасап, дәрі-дәрмекке қолданады. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ, табиғи таза. Осындай мүмкіндіктерді зерттеп, Талдықорған облысында Ақсу ауданы, Жаңақоғам ауылында мал соятын орталық ұйымдастыруды қолға алдық, арнайы жер бөлініп, автокөлік жолы салынып, электр линиясы тартылды. Алматыдан арнаулы мекеме барып, скважина орнатып жерасты суын шығарды, үйлер салынып, орталыққа керекті негізгі технологиялық құрылғылар түгел алынды, тек ет сақтайтын мұздатқышқа ақша ауысып, жағдай болмады, ол туралы мен Президент Н.Назарбаев қабылдауында болғанда айтқанмын, бірақ мәселе шешілмеді, жұмысымыз тоқтап қалды.

Одан кейін ойластырып жүріп, малды сол фермерлерге барып, қабылдап, сойып, ішек-қарыннан бастап бәрін алғашқы өңдеуден өткізетін  жылжымалы комплекс жобасын ұсындық. Бірақ ол кезде ғылымға ақша бөлінген жоқ. Сол күйінше қалды.

Осы сияқты, ғылыммен, бизнеспен айналысып жүрген жігіттерден ұсыныстар өте көп. Былтыр Жаркент жанындағы «Керімағаш» санаторийінде болдым. Сонда бір тракторды кездестірдім, ол бұрынғы Кеңес Одағындағы Т-25 деген тракторға ұқсас, бірақ ол емес. Содан иесін тоқтатып тракторды айналып қарап шығып, «мынаны қайдан алдың», – дедім, ол Асқар деген оралман жігіт екен, «жанұямды асырау үшін өзім қолдан құрастырдым, құрастырғаныма 12 жылдай болды, тек биыл қозғалтқышты Қытайдан алдырып, жақында ауыстырдым» деді. Қозғалтқышы малшы ауылда көп қолданатын кәдімгі ток беретін қондырғы. Сол секілді, Жамбылда да бір жігіт бар. Қорадағы малдың астын тазалау керек. Оның бәрін қолмен жасау қиын. Соған Жигулидің қозғалтқышын қойып, қондырғы жасаған. Өзі экскаватор, өзі бульдозер. Дәл осындай қазақтың жігіттерінің кондырғыларын, зауытта шықпайтын стандартты емес технологияны, ЖОО жанында студенттерге арналып, арнайы ұйымдастырған шеберханаларда, іске қосатын болсақ баға жетпес актив болар еді.

Мен жүк тасымалымен айналысқанда, 1993-1994 жылдары Мерседес, Вольволар келгенде, оларды алыс жолдарға жібермейтін едім. Өйткені, жүргізуші бірдеңені бұзып алса, оған сервис те, ештеңе де жоқ, далада қалады. Сондықтан өзіміздің, Ресейдің машиналарын қолданатынмын. Қазіргі кезде ауылдық жерлерде фермерлерге қажетті сервис жоқ. Сондықтан бүгінгі таңда ауылшаруашылығына техникалық, технологиялық сервистік қызмет ұсынатын, фермерлерді заманауи технологияларға дайындайтын арнаулы курстар беретін  «Өңірлік Агрологистика» жүйесін қолға алып, дамыту керек.

– Ұлттық Ғылым академиясының жаңа мәртебесі ғылымды жоғары сатыға көтере ала ма?

– Талқылауға түскен қазіргі заңда мынандай кемшіліктерді атап өтуге болады. Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы құрылды. Өкінішке орай, заң бойынша ол Ғылым және жоғары білім министрлігіне бағынады. Онсыз ештеңе істей алмайды. Меніңше, Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы болған соң, министрліктен жоғары тұрмаса да, бір деңгейде болып, нақты ғылыми жұмыстар туралы өзара ақылдасып отыратындай болғаны жөн. Себебі, Министрлікте ғылыммен айналысатын ғалымдар кездесе бермейді. Заңда үкімет Ұлттық Ғылым академиясымен бірлесе отырып шешім шығарады деп келтіруі керек еді. Ал заңның 55-бабында мемлекеттік ЖОО орындарында қызмет ететін ғалымдардың еңбек ақысына қосылатын үстемелер туралы нақты көрсетілген, ал басқа меншік иесіндегі ЖОО-да еңбек ететін ғалымдарға не істеу керек?

Осы тұста мына жағдайды айта кеткім келеді. Бүгінде Жайықтың суы тартылып бара жатыр. Кеңес Одағы кезінде Жайықтың екі жағы егістік, көгал болатын, сүт фермалары тұратын. Қазір ештеңе жоқ. Бұрынғы үлкен-үлкен егістіктер топырақтары эрозияға  ұшырап, мал жаятын мүмкіндіктен айырылды. Ал баршаға аян Атырау мұнай-газ өндіретін саласы кеңінен жайылған өңір, өкінішке орай, сол жерлер өңделмей, ұңғылары ашық қалады. Жан-жағы тапталған шаң-тозаң. Қазір экологиясы өте нашар. Осы мәселеге байланысты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚазҰАЗУ және Атыраудың мұнай-газ университеттерімен Орталық Азия университеті бірігіп, жоба жасадық. Мұнай-газ өндіруші компаниялардың артындағы орнын, топырақ эрозияға түспес үшін өңдеу керек. Осы мәселені шешетін жоба әзірледік. Осы бастама барлығынан өтті де, ең соңында ақшаға келгенде тоқтап қалды. Ойлап қарасақ, бұл бүкіл бір өңірдің экологиялық проблемасына ЖОО-лардың бірігіп жасаған жобасына ақша бөлінбей қалды.

Қазіргі билік басындағы адамдар күнделікті ағымдағы «баға өсуі» секілді, осы сәттегі проблемаларға ғана мән беретін сияқты. Мұның бәрін түбегейлі шешу үшін ғылыммен айналысу керек. Ғылыми негіз керек. Онсыз болмайды. Ол үшін Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін үкімет деңгейімен теңестіру қажет. Үкімет те Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясымен кеңесе отырып, шешім шығарғаны жөн. Тіпті, ЖОО ректорларын тағайындауда Ұлттық Ғылым академиясымен міндетті түрде келісілуі керек.

– Жастар арасындағы ғылымға деген қызығушылық туралы не айтасыз?

– 1988 жылы Кеңес кезінде Қазақ ауылшаруашылығы институты жанынан студенттердің ғылыми-техникалық өндірісі құрылып, соның директоры болғанмын. Бүгінгі таңда осындай, яғни ЖОО жанында жас ғалымдармен студенттер өз мамандығы саласында алғашқы ізденістерімен кәсібін бастауы үшін жағдай жасалуы керек. Бүгінгі таңда студенттердің тәжірибе өтуіне тиісті кәсіпорындармен мекемелер жоқ, сондықтан ЖОО жанында арнаулы инфрақұрылымы туралы ереже дайындалып, Үкімет қаулысымен бекітіп, қолға алу керек. Бұл туралы мен Ректорлар жиналысында депутаттар мен сенаторлар және Үкімет басшысының орынбасары, марқұм Б.Сапарбаев жүргізген жиналыста көтергенмін, бірақ нақты шешім болмады, бұл жердегі ең басты мәселе ондай құрылымдарға салынатын салықпен инвестицияға байланысты.

Президенттің «Әділетті Қазақстан, Еститін мемлекет» тұжырымдамасы жақсы. Бәрі дұрыс. Бірақ айтқан нәрсені нақты орындайтын адам болуы керек. Өкінішке орай, жергілікті басшылар баяғыша жұмыс істейді. Олар өздеріне артық жауапкершілік алғысы келмейтін сияқты. Сондықтан жауапкершілікті көтеріп, оған нақты жауап беретін тәртіп болуы қажет. Бүгінгі уақытта Президент нақты, дұрыс бағдар бергенімен, Үкіметпен әкімдер «солқылдақтық» шешім қабылдап, тапсырмалар орындалмай отыр, яғни нақты орындаушыға келгенде «сұрақ» туындайды.

Кез келген адам заңға сенуі керек. Бізде заң жұмыс істемейді. Қазақ жігіттері неге шетелге кетіп жатыр? Неге біздің ақылды азаматтарымызды алып қалып жатыр? Өйткені, бүкіл жағдайын жасайды. Қазір ең қиыны ақша емес, дүние емес. Қазір ең маңыздысы – кәсіби маман табу. Мен Брюссельде, Парижде, Мюнхеньде болғанмын, сонда университет профессорларымен сөйлескенімде, олар студенттерге дүниеге танымал кәсіпкерлермен компания менеджерлерінің лекция оқитынын айтты, мен «оларға не үшін керек?» дегенімде, «ол мырзалар өздерінің өндірісіндегі орын алып отырған, нақты ситуацияларды талқыға салады, сондай мәселелерге ең ұтымды шешімін іздейді, ал студенттерде аяқ астынан әртүрлі тың идеялар көп болады ғой» дегені. Сонда Еуропалық ғалымдардан не жетпейтінін сұрадым. Олар идея жетпейді дейді. Қазір идея үшін тартыс жүріп жатыр. Мысалы, АҚШ Конгресінің жанында идея комитеті бар.

Сондай-ақ, қазір модернизация керек деп көп айтылады. Бірақ өз басым егер біз дамыған ел боламыз десек, модернизациямен қатар, 5–10 жыл алдыға ойлайтын мамандармен ғалымдар керек. Әйтпесе, әр уақытта біз артта қалушы боламыз.

– Жаратылыстану пәні мен техникалық мамандықтарға көбірек мемлекеттік грант бөлінуі қажет пе?

– Техникалық мамандықтарға мемлекеттік грант бөлінуі ауадай қажет. Бірақ техникалық мамандықтарға сабақ беретін мұғалімдердің сапасы туралы мәселе бар. Бүгінгі таңда студенттерге сабақ беретін оқытушылар арасында, университеттен көшеге шықса нандарын таба алмайтындар кездеседі. Студенттерге нақты кәсіпкерлікпен немесе өндіріспен айналысқан мамандармен ғалымдар арасында байланыс орнатылуы керек.

Тағы  бір атап өтетін жағдай, ол Ғылым және жоғарғы білім министрлігі жылма-жыл магистратура мен докторантураға мемлекеттік гранттар бөлуіне байланысты үлкен «мәселе» бар.

Грант ЖОО-на тиісті мамандықтары бойынша бөлінеді, ал сол ЖОО-нында бөлінген грант бойынша талапкер уақытында ғылыми ізденіс жұмысын аяқтап, ғылыми атағын қорғауға дер кезінде шығуына кім жауапты?! Қазір көптеген университеттерде ғылыми жетекші болатын, ғалымдар саусақпен санарлық. Біразы әртүрлі ғылыми атағымен дәрежесі бола тұра, тұрақты ғылыммен айналыспағасын, заманауи талаптарға сәйкес жетекшілік ете алмайды. Сол себепті, мемлекеттік грант нақты ғалымға және сала бойынша аты аталып тұрып берілуі қажет. Өйткені, жауапкершілік болуы керек. Кеңес кезеңінде нақты адамға бөлініп, әр ғалымның жеке жауапкершілігі болатын.

Мен ауыл шаруашылығында бас инженер болып жүріп, аспирантураға түскенімде «қозының терісін тұздайтын технологиямен қондырғы жаса» деп тапсырма берілді. Соның теориясын мен 8-сыныптың физикасынан таптым. 8-сыныптың физикасында зат алмасу деген процесс бар. Қазір студенттеріме «егер мектептің физика-математикасын жақсы білетін болсаң, жерде қалмайсың» деп айтамын. Сондықтан технологияны аспаннан іздеудің қажеті жоқ. Оған қазақтың ұл-қыздарының ақылы жетеді, тек оларға сенім артып, мықты мотивация беру керек, ол үшін ұстаз-ғалым өзі іскерлігімен ғылыми жұмыстарымен үлгі-өнеге болғаны қажет. Ал ұстазыңның өзі айлығына қарап отырған адам болса, онда студенттерге не «ақыл-кеңес» бере алады! Кейде студенттерге «электр энергиясы, газ жоқ кезде қалай күн көрдіңіздер?» деп үйдегі ата-әжелеріңнің сұраңдар деймін. Қарттарымыз бір литр сүтті далаға төкпеген, бір терісін лақтырмаған. Біздің ата-бабаларымыз нағыз «дала академиктері» болған.

Талғар қаласы маңында қойдың жүнін өңдейтін цех бар. Соның иесімен сөйлесіп отырсам, ол маған: «білесіз бе, маған француздар келді. Жүнді жуғанда шығатын жүннің майын сұрап келді» дейді. Ол неге керек десеңіз, косметика. Бағана айтқандай, малдың тұяғынан бастап жүнінің майына дейін пайдаға жаратуға болады. Оны іске асыру үшін Қазақстанның ғылымын көтеру керек. Ол үшін жастарға дұрыс білім беріп, ұстаздарға жақсы жағдай жасау қажет.