Қала экономикасына басым салалардың үлесі 23,4%-ке дейін ұлғаяды - әкім

Қала экономикасына басым салалардың үлесі 23,4%-ке дейін ұлғаяды - әкім
Сурет: ашық дереккөз

Алматы экономикасын одан әрі әртараптандыру

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Онда қала әкімі экономиканы әртараптандыруда іске асырылатын жобаларды атады.

«Ел президентінің Алматы қаласының экономикасын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде қазіргі заманғы экологиялық технологияларды пайдалана отырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса назар аударылатын болады. Шағын және орта бизнесті қолдау және Алматының Индустриялық аймағын кеңейту (2 фаза) бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде», - деді Аоматы әкімі Е.Досаев.

Шаһар басшысының айтуынша, жыл басынан бері басым бағыттар бойынша жоспарланған 3 мың жобадан 783 жоба қолдау тапқан.

Факторингтік мәмілелерді қаржыландыру үшін «Даму» қорымен бірлесіп, қосымша 3 млрд. теңге бөлінді. Шағын және орта бизнесті кредиттеу 59,6%-ке, сондай-ақ белсенді жұмыс істейтін бизнес субъектілерінің саны 38,6%-ке өсті.

«Қазіргі уақытта Алматының Индустриялық аймағында 9,7 мың жұмыс орнын аша отырып, 344 млрд. теңгеге 19 жоба іске асырылуда. Биыл 14 жоба (1,2 мың жұмыс орнын құра отырып, 30 млрд. теңгеге) пайдалануға берілетін болады. Алматының Индустриялық аумағын кеңейту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жүргізілуде», - деді қала басшысы. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына басым салалардың үлесі 23,4%-ке дейін ұлғаяды (өңдеу өнеркәсібі, туризм, креативті индустриялар және IT, 2022 жылы – 22,7%).