Кәрім Мәсімовтің экс-орынбасары қамауға алынды

Кәрім Мәсімовтің экс-орынбасары қамауға алынды
Сурет: Pikabu.ru

Дәулет Ерғожин ұсталды.


Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин ұсталды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz сілтеме жасап.  

«Қ.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іске «өте құпия» деген белгі берілді», - деп хабарлайды ҰҚК-нен. 

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері жарияланбайды.  

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Әнуар Садықұлов қамауға алынғаны хабарланған.  

Мәсімов 6 қаңтарда мемлекетке «опасыздық жасады» деген күдікке ілінген.  13 қаңтарда оның екі орынбасары - Садықұлов пен Ерғожиннің ұсталғаны белгілі болды. Олар «биікті күшпен басып алмақ болды», «билікті және қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды» деген күдікке ілінген.  

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде елдегі жаппай тәртіпсіздіктер мен террористердің агрессиялық актілері кезінде арнайы қызметтің жұмысын сынға алды. Президенттің ақпараты бойынша, еліміздің кейбір өңірлерінде ҰҚК департаменттерінің басшылары әскери арсенал жеткілікті бола тұра ұрысқа кірмей, қызметтік ғимараттардан шығып, онда қару-жарақ пен құпия құжаттаманы қалдырып кеткен.