Ішкі істер министрлігі өзін-өзі өртеген әйел оқиғасына қатысты пікір білдірді

Ішкі істер министрлігі өзін-өзі өртеген әйел оқиғасына қатысты пікір білдірді
Inform.kz

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қаржы пирамидасы үшін өзін-өзі өртеп жіберген әйелдің оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

11 сәуірде елордадағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында Mudabarah Capital қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйел өз-өзін өртеп жіберді. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді және ауруханаға жатқызылды.

«Құқық бұзушылардың іс-әрекетінен шығынға ұшыраған адамдар түрлі психофизиологиялық қысымға түседі. Кейбірі бұған шыдай алмайды. Осылайша жәбірленушілердің бірі, менің ойымша, тергеу органдарына қысым көрсету мақсатында осы қадамға барды (өзін-өзі өртеді – ред.). Отты сөндіріп үлгерді, қазір ол ауруханада жатыр және өміріне еш қауіп жоқ. Мендегі бар ақпарат осы», - деді Марат Қожаев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Аталған қылмыстық іс бойынша 14 адам жауапқа тартылған, олардың алтауы қамауда отыр. Тергеу жұмыстары аяқталуға жақын.

«Бірнеше адам үйқамақта отыр. Екі адам кепілмен және бірнешеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Мұндай бұлтартпау шараларының жазалау еместігін түсіну керек. Ол әр адамға жеке тағайындалады, тек адам жасырынып қалмауы үшін, жаңа қылмыс жасамауы үшін және басқа адамдарды тергеуге кедергі келтіруге үгіттемеуі үшін жасалады. Бұл әлі жаза емес. Алайда осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер кімнің қамауда, кімге бұлтартпау шаралары қолданылуы керектігін шешіп қойған. Өкінішке қарай, осындай эмоциялар байқалады, бірақ біз бұл шараларды заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек», - деді М. Қожаев.