Ғұмырлы газет

Ғұмырлы газет
almaty-akshamy.kz

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті төл газетінің баспадан шығып, оқырманға жол тартқанына 75 жыл толды. Осынау мереке орай ҚазҰУ кітапханасында басылымның негізін қалаған, газетте еңбектері жарық көрген журналистер мен университет оқытушылары бас қосып, мерекелік іс-шара өткізді. Жиынның шымылдығын БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов құттықтау сөзбен ашты.

 «Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстанның ғылымы, саяси өмірі мен экономикасына зор үлес қосатын, еліміздегі жетекші оқу орны. Университет ғылым мен білім берудің халықаралық кеңістігінде лайықты орынға ие болды. Осы университеттегі «Qazaq Universiteti» басылымы студенттерге, оқытушыларға, ғылыми қызметкерлерге әртүрлі саладағы тың ақпараттар жариялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көпжылдық тарихы бұл газет оқырмандарды факультеттерде өткізіліп жатқан іс-шаралар мен жаңа оқулықтар, монографиялар, шығармашылық жетістіктермен таныстыруда», – деді Қ.Ахетов.

Шараның ашылу салтанатында ҚазҰУ басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева жүрекжарды лебізін білдіріп, газеттің мақсат-міндеттерін сөз етті.

«Qazaq Universiteti» газеті – ҚазҰУ-дың бетке ұстары. Бұл газетте унисерситеттің барлық жетістіктері, мықты тұлғалар туралы естеліктер жарияланып отырады», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Ләззат Еркінбаева.

«Qazaq Universiteti» газетінің алғашқы саны 1948 жылы жарық көрген. Ғасырдың төрттен үш бөлігін артта қалдырған газет алғаш рет «За отличие в учебе» деп аталып, кейіннен ҚазҰУ-дың төл атауын иеленген. Басылымға «Qazaq Universiteti» деген атау берген Сағымбай Қозыбаевтың айтуынша, газет тігінділері шын мәнісінде университет тарихының шежіресіне, студенттердің, оқытушылардың бағындырған белестері туралы жария ететін ұжымдық баянға айналды.

Еліміздің танымал жазушылары, ғалымдары мен журналистері еңбек жолын осы газеттен бастаған. Солардың бірі – «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директордың орынбасары, Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш.

«Студенттік кезеңде ең алғаш осы газеттен қалам тербеп, мерзімді баспасөздегі алғашқы қадамымызды осы кезеттен бастағанбыз. Сол кезде Бекжан Әшірбаев ағамыз бас редактор болатын. Күн сайын, сабақ арасында редакцияға кіріп, газетке қандай мақалалар шығып жатқанын қарап жүретінбіз. Сол жылдары Бейбіт Сарыбайдың алғашқы әңгімелері «Qazaq Universiteti»  газетінде жарияланып, студенттер арасында танымалдыққа ие болған. Барлығы оқып, Бейбітті газет арқылы таныған болатын. Жалпы, бұл газет елге танымал ақын-жазушылар, журналистер, ғалымдардың тырнақ алды туындыларын алғаш жариялаған басылым ретінде баршамызға ыстық », – дейді Д.Анаш.

Шара барысында газетке бас редакторлық еткен Дандай Ысқақ, Сағатбек Медеубекұлы естеліктерімен бөлісті. Одан бөлек, журналистика тарихында елеулі орны бар Кәкен Қамзин,  Молдахан Абдраев, Гүлмира Сұлтанбаева сынды профессор-оқытушылар газеттің мерейтойымен құттықтап, ғұмыры ұзақ болуын тіледі.

Жиын соңында студенттердің «Qazaq Universiteti» газеті туралы дайындаған бейне материалдары, радио бағдарламары мен ғылыми жобалары экраннан көрсетіліп, үздіктері дипломмен марапатталды. Оның ішінде «Ойлайық» зиянкерлік ойынын дайындаған Бағлан Тұрғанбек, «Ғасырмен сырлас баспасөз» деректі фильмін әзірлеген Қосқанат Бауыржан, «Газетте ауйдар көп, қоғамда байқар көп» жарнамалық ролигін паш еткен Саят Төлемістің есімді ерекше аталды.

Сондай-ақ, газеттің жарыққа шығуына сүбелі үлес қосқан университет оқытушыларына арнайы статуэтка табысталды.