Есің барда ескі көліктен құтыл!

Есің барда ескі көліктен құтыл!
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанға автокөлік импорты рекордты жаңартып отыр

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, шілде айында шетелден 16,7 мың жеңіл автокөлік әкелінген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

DANA HUB телеграмм каналының мәліметіне сүйенсек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге жуық немесе 12,2 мың бірлікке көп. Бұл көрсеткіш 6 ай қатарынан өсуде, оның соңғы бес айындағы көрсеткіштері қарқынды өсімді көрсетеді.

Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда осы жылдың соңғы 7 айында Қазақстанға төрттен бір есе көп – 82,7 мың дана автокөлік әкелінген. Яғни, 67,4 мың бірлікке артық.

Автокөлік қай елден көбірек алып келінеді?

Қаңтар-шілде айларында көлік шығарушы елдерден Қазақстан тасымалдау көлемін арттырып, жыл сайынғы мәнде импорттау қарқыны өскендігін көрсетіп отыр. Өсім мына елдерден байқалады:

Қытай – 26,5 мың бірлік. (+22,1 мың бірлік). Айтпақшы, ол жергілікті нарықты белсенді түрде жаулап алуға күш салуда;

АҚШ – 17 мың бірлік. (+12,8 мың бірлік);

Жапония – 16,5 мың бірлік. (+8 мың бірлік);

Корея Республикасы – 10,5 мың бірлік. (+3,4 мың бірлік);

Германия – 2,9 мың бірлік. (+2,5 мың бірлік).

Бір қызығы ел нарығын көлігімен жаулаған Ресейден автокөліктері аса көп емес. Қаңтар-шілде айларында небары 0,3 мың көлік әкелінген. Ал бір жыл бұрын – 7,4 мың көлік тіркелген екен. Керісінше, елімізден Ресейге автокөлік экспорты артқан. Цифрмен сөйлетсек, 0,9 мыңнан 8,6 мыңға дейін артқанын байқадық.  

Ақша жағы қалай болар екен?

Шілде айында шетелдік автокөліктерді сатып алуға жұмсалған шығындар 357,1 миллион долларға жеткен. Бұл бір жыл ішінде 3 есеге немесе 243,6 миллион долларға артқанын көрсетеді. Осылайша, тарихи рекорд орнатты десек жаңылмаймыз. Соңғы 7 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш $1,79 млрд деңгейіне тұрақтаған. Бір қызығы, 2022 жылдың аяғында – $1,82 млрд доллар жұмсалған.

Тізгінді көлік шығарушы алпауыт мемлекеттер берер емес. Тек «күштілердің» ғана орны ауысты. Алты ай көрсеткіші бойынша Жапония Қазақстанға автокөлік жеткізуден ең көп табыс тапты – $538,3 млн (+ $187,7 млн ​​жыл сайын). Көлік құрастыру қарқынын үдеткеніне қарамастан, Қытай - 441,8 миллион доллар (+ 389,1 миллион доллар) табыс тауып, екінші орынды місе тұтуда. Басқа ірі импорттаушылар елдердің де динамикасы өскен. Бірақ аталған елдерге қарағанда өте нәтижелі емес.  Дегенмен, ұсынып көрейік:

АҚШ – 281 миллион доллар (+ 210,9 миллион доллар);

Германия – $155,4 млн (+ $126 млн);

Корея Республикасы – $153,2 млн (+ $115,1).

Демек, көлік тасымалының артуы ескі көліктердің сатылуына өзіндік әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан есің барда ескі көліктен құтыл!