Enbek.kz сайтының қызметіне биыл 30 мыңнан астам алматылық жүгінген

Enbek.kz сайтының қызметіне биыл 30 мыңнан астам алматылық жүгінген
Сурет: Atpress.kz

Аталған сайт қызметіне жүгінген 4 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан

Мамандар бұрынғыдай ұзын-сонар кезекке тұрып, алтындай уақытын сарп ететін заманның артта қалғанын айтады. Себебі электронды портал арқылы оңай тіркеліп, қалаған сұрағыңа жауап алуға болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Enbek.kz порталы арқылы жұмысқа орналасқандардың бірі – Әділет Жаңабаев. Ол бұған дейін әр мекеменің есігін тоздырып, жұмыс таппай ұзақ жүріп қалыпты. Кейін арнайы орталықтың электронды сайтына түйіндемесін жүктеп, аз уақыт ішінде түрлі ұсыныстар түскенін айтады. 

«Мұнда қаншама кезекте тұрдым, қаншама уақытым кетті. Содан кейін жұмыспен қамту орталығының мамандары еnbek.kz сайты туралы айтып түсіндірді. Сол сайт арқылы жұмыс тапқаныма 6 айдай уақыт болды. Қазір осында жұмыс істеп жатырмын», – деді қала тұрғыны Нұрдәулет Бекетаев.

Жұмыспен қамту орталығына бұрын күніне 300-дей адам келетін болса, қазір 50 шақты азамат жүгінеді. Яғни, онлайн қызмет көрсету сапасы артқан. Enbek.kz сайтының ерекшелігі – үйде отырып-ақ электронды түрде тіркеле алады.

«Онлайн тиімділігі, біріншіден, жүгінген азаматтардың уақыт және қаржы шағымдарын қысқартады. Одан бөлек, үйден шықпай-ақ бізден көрсетілетін қызметтерді алуға болады», – деді Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Әділет Жаңабаев.

Сондай-ақ жұмыс беруші заңды тұлғалар да онлайн қызметке жүгініп, әр азаматтың түйіндемесін тексере алады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Enbek.kz сайтына 15 мыңнан астам қала тұрғыны жұмыс іздеуші ретінде, 15 мың 74 адам жұмыссыз есебінде тіркелген.