Елімізде Цифрлық кодекс жобасы әзірленеді

Елімізде Цифрлық кодекс жобасы әзірленеді
Сурет: интернеттен

Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев айтты.

Келесі жылы жалпы 16 заң жобасын әзірлеу жоспарланған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жоспар жобасына сәйкес келесі жылы цифрлық технологияларды, әлеуметтік саланы, зияткерлік меншік саласын, инновациялық қызметті, ғарыш саласын және басқа да салаларды дамыту сияқты өзекті бағыттар бойынша 16 заң жобасын әзірлеу көзделген.

"Жоспарланған 16 заң жобасының ішінен 2 заң жобасы бұрын реттелмеген қоғамдық қатынастарды регламенттеуге бағытталатын болады (Цифрлық кодекс және "Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы"). Мемлекет басшысы "Digital Bridge 2023" форумында сөйлеген сөзінде әлемдік озық тәжірибеге жауап беретін, нарықтың қажеттіліктерін де, азаматтардың мүдделерін де ескеретін, заманауи құқықтық реттеуші базаны, оның ішінде Цифрлық кодекс жобасын да әзірлеу жөнінде ауқымды міндет қойды. Уақыт талаптарына сәйкес білім және ғылым саласын дамыту және университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында нысаналы капитал қоры туралы Заң жобасын әзірлеу ұсынылады", - деді министр.

Бұдан бөлек бірқатар заң жобасы 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасынан туындайды. Оған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру кіреді.

"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Заң жобасын әзірлеу Қаржылық мониторингті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындайды. Бұдан бөлек Жоспардың жобасы республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы жыл сайынғы негізде әзірленетін заң жобаларын көздейді", - деді Азамат Есқараев.

Ведомство басшысы "Құқықтық актілер туралы" Заңға сәйкес Жоспардың жобасын Мемлекет басшысымен келісуге жіберу ұсынылатынын да баса айтты.