Елімізде 133 жол бойындағы жылыту пункті жұмыс істейді

Елімізде 133 жол бойындағы жылыту пункті жұмыс істейді
Сурет:Тайм Триал

Сall-орталығына 1403 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Қыста «Қазақавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жол қызметтері республикалық трассаларды тәулік бойы тазалау және қолайсыз ауа райында автокөліктерді сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайларда алыс сапарға шықпау туралы арнайы қызметтердің ескертулеріне қарамастан, кейбір жолаушылар тұрғылықты мекенжайларынан тыс жерлерге шығып, төтенше жағдайларға тап болып жатты.

Мәселен, өткен қыста жол қызметкерлерінің күшімен қар құрсауынан 720 көлік құралы шығарылды. Олардың 391-і жылы бокстарға орналастырылса, жолда қалған 2 мыңнан астам адам «Қазақавтожол» жылыту пункттеріне жайғастырылды. Жалпы, еліміз бойынша барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген 133 жылыту пункті жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, жолда күтпеген жағдайлар туындаған кезде, тәулік бойына Бірыңғай сall-орталығына 1403 нөмірі бойынша хабарласуға болады.