Ел жүрегі – елорда

Ел жүрегі – елорда
almaty-akshamy.kz

Дүние жүзінде шырайлы ша­һарлар көп. Бір-бірінен әсемдігі де, ғажаптығы да асып тұр. Біздің Елордамыз Токио, Париж, Лондон, Вашингтоннан еш кем емес.

Әлемде мегаполиске айналған қалалар жетерлік. Олардың бәрі бірден дамып кетпеген. Негізі, көбі белгілі бір оқиғаларға байланысты орталыққа айнал­ған. Бұндай тарихи шақтар бір мемлекеттің екіншісінен бөлініп шығуына қатысты болып келеді.

Қазақ мемлекетінің егеменді ел болуына байланысты көптеген өзгерістер орнады. Тарихтың алтын парақтары ашылды. Оған алтын қаламмен жаңа шежіре­лер жазылуда

Алтын көпірге айналды

Қазақстанның астанасы Еуразия жү­регінде орналасқан. Бірі білсе, бірі білмес, Ғұн империясының бір кездердегі орталы­ғы осы маңда қоныс тепкен. Былайша айтқанда, бәрі бір-бірімен астасып жатыр.

Бабаларымыз арман еткен ғажайып ша­һар 1997 жылы Арқа төрінде салына бастады. Міне, содан бастап ең үздік стильдегі ғима­раттар бой көтеруде. Еуропа мен Азия, Қы­тай, Арабия, Ежелгі Римдіктер және өзіміздің түп-тамырымыз көшпенділер мәдениеті үлгісін анық аңғара аламыз. ХХІ ғасырда ас­тана салған бірден-бір ел біз екенбіз. Бұл жағынан келгенде, өзгелерден оқ бойы озық тұрмыз.

Елорда болғанның көптеген артықшы­лықтары бар. Оны құр мадақтау деп түсінбе­ген абзал. Осыған орай, бірнеше ерекшелік­терін келтірейік.

Дәлірек:

  • Мемлекеттіліктің белгісі;
  • Асқақтық символы;
  • Айбынымыз;
  • Абыройымыз.

Қазақ мемлекетінің орталығы Елордамыз мәңгі тыныштық, бейбітшілік, татулықтың ордасына айналып келеді. Дүниежүзілік сая­си аренада өз орны бар. Осыған дейін бұл шаһарда көптеген айшықты оқиғалар өтті.

Ғасырлар асуы

Ғажап сөзі қай уақытта құнды бола түседі? Ол үшін өткенді еске түсіріп, бүгін­мен өмір сүріп, болашаққа бағдар жасай алу қажет. Сонда алдағы істердің жобасы көрінеді. Сенімділік артады.

Жаһанға аты шыққан баһадүрлер қала салған. Шаһарлардың шырайын келтірген. Мәдениет пен өркениеттің сара жолын сал­ған. Тастан сарай салып, жан-жағын құлпыр­тып, барша жұртқа танымал еткен. Бұл жөнінде, жиһанкездер В.Рубрук, Ибн Баттут­та, Әл Идриси, тағы да басқалары сахарамыз туралы түрлі қолжазбалар жазып қалдырған. Тіпті, біздер туралы айтқанда, бір ғана сүттен 7 түрлі тағам әзірлейтініне таңқалған. Жалпы мәдениет бағытында Орталық Азияның өзіндік ерекшелігі болған. Ол жағы әліге дейін сақталуда. Бір жағынан қарап тұрса­ңыз, мұның өзі сол елде өмір кешетін халық­тың руханиятынан хабар береді. Сонымен бірге, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, әшекей бұйымдар, жәдігерлер – бәрі-бәрі ерекшеліктің белгісіндей.

Әр ұлттың ерекшеліктерін астаналары­нан да аңғарамыз. Мысалы, Жапонияның Токиясында жапондықтардың стилін байқай­сыз. Қытайдың Бейжіңі қытайдың сан мың­даған жылдар тарихынан сыр шертеді. Ұлыб­ританияның Лондон қаласы Еуропадағы ең ғажап ордалардың бірегейі саналады. Осы­лардың баршасы әлемнің кереметіне жатады.

5 қызықты дерек

Дүниеде сұлулығы мен ғажаптығына көз тоймайтын, суреттеуге сөз жетпейтін шаһарлар көп. Ондай қалалар әлемнің гүлі іспетті саналады.

Астана – қазақ мемлекеттілігінің алтын тәжі. Көшпенділер арманының жемісі елорда туралы 5 қызықты мәліметпен бөлісеміз.

Археологтар біздің жыл санауымызға дейінгі Бозоқ шаһарын тапқан. Арысы ғұн, берісі түркілердің әкімшілік-саяси ордасы болған деседі. Бұл көне қалашық бүгінгі елор­да локациясында орналасқан. Ғалымдар та­рихи сабақтастықпен байланыстырады.

ХХI ғасырда дүние жүзі бойынша тұң­ғыш әрі қазірге дейін салынған бірден-бір айрықша нысан.

Астана – әлемдегі Ұлан-Батырдан кейінгі ең суық астана болып саналады. Тіпті, Кана­даның Оттавасынан да тым суық.

Бас шаһардың алып жатқан аумағы 800 шаршы шақырымнан асады. Ол жаһандағы Бахрейн, Андорра, Крибити сынды мемле­кеттердің жер көлемінен де үлкен.

Еуразия жүрегі, қазақ елінің орталығын­да Құранның ежелгі қолжазбасы бар. Қа­сиетті кітап Әзірет Сұлтан мешітінде сақтаулы тұр. Құнды жәдігер VIII ғасырда таза күмістен құйылған.

Астана – арман қала

Астана – ертегілер шаһары. Еліміздің жүрегі. Бұл – қиял-ғажайып емес, жер жүзіндегі ғажап бейне. Қолда бар құнды­лықты қадірлеу, бағалау, өркендету бәрі­нен маңызды деп білеміз.

Әр адамның бала күнгі арманы болады. Оған жетуді әр уақытта қиялдайды. «Сабақ­ты ине сәтімен» дегендей, ойлағанымның сәті түсті. Шүкір! Бірде редакция басшылы­ғы игі ниет танытып, Елордаға жіберуді ұй­ғарды. Қажетті құжаттарды жинап, іштей қуанып жүрміз. Бірақ онша сыр алдырмауға тырысамын. Екі қабатты ғимаратқа қуаны­шым сыймай, бухгалтерлер кабинеті мен кадр бөліміне қайта-қайта бас сұқтым. Өйтіп-бүйтіп құжат жағын реттедім. Пойыз­ға билет алдым.

Сөйтіп, кешкісін «Тұлпар-Тальгоға» отырдық. Алматыдан Астанаға жол тарттық. Жолда үш кісімен таныстым. Арнайы асхана бөлігіне ойыстық. Менен басқасының жаста­ры 30–40 шамасында. Олар кәсіппен айналы­сады екен. Байқасам, интернет байланысын орнататын кісілер сияқты. Орысша, қазақша сөйлестік. Әлгілер сусын алып, әртүрлі та­қырыпты қыздыра түсті. Өздерінің осы ба­ғытта шағын кәсібі бар көрінеді. Арасында­ғы жастауы бөлек адам екен. Ол бір генералдың көмекшісі болып шықты. Түннің бір уағына дейін әңгіме соқтық. Көбіне мен тыңдаумен шектелдім. Ара-арасында әңгі­менің көркін қыздыруға тырысып қоямын. Сөз арасында жүрдек пойыздарға WiFi орна­ту қажеттігін айттық. Қанша дегенмен ма­мандар ғой, бұл қымбатқа түсетінін айтып өтті. Бірақ жасауға болатын көрінеді. Осы­лайша отырғанда түннің жарымы болды. Әлгі кісілер таңертең Қарағандыдан түсіп қалды. Ал біздің бағыт – Елорда.

Қазақтың даласы керемет екен. Тағы бір мәрте көз жетті. Жердің бәрі ақұлпа. Орта­лық өңірден асып, солтүстікке бет алған са­йын ағаштар көбейе береді. Қыр, жазық, ұсақ шоқы – баршасы жарасымды көріністі бейне­лейді. Дархан һәм Ұлы дала, Сарыарқа төсіне де келдік. Үскірік аяз бет қаратпайды. Алай­да, көңілді қуаныш кернейді. Өйткені, бұл тұңғыш рет еліміздің ордасына табан тіреуім еді.

Бұрын-соңды тек телеарна, интернет, га­зет-журналдардан оқып, көріп өстік. Барып келгендер де аузынан суы құрып айтады. Шіркін, қашан барамыз деп ойлайтынмын. Интернет арқылы вокзалдан шықпастан так­си шақырттым. Сыртқа шықсам, суық жел­ден қататынымды сеземін. Сәл аяңдадым. Сөйтіп, таксиге отырдым. Іштей құдды фильм көріп отырғандайсыз. Терезеден ас­панмен таласқан, биік әрі бірінен-бірі әсем ғимаратқа қарап көзім тоймауда. Алыстан «Бәйтерек», одан әрі «Хан шатыр», бір тұсы­нан еңселі «Ақорда» резиденциясы көрінді. Такси жүргізушісі гид болды десем, артық айтпаған болармын. Діттеген мекен – «Қаз­медиа» орталығына жеткізді. Оған рахмет!

Еліміздегі ақпарат саласы өкілдерінің басы бір қосылып, түрлі тақырып талқылан­ды. Әртүрлі ұсыныс айтылды. Мәселенің дені журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында болды. Қызылкеңірдек болып, жанайқайын айтып жатқандар же­терлік. Осы ой-талқы алаңына біз де үн қос­тық. Осылайша көзіміз ашылып, тәжірибе алмастық.

Екі күндік іссапарда түнгі қаланы көруге тырыстым. Жарқыраған шамдар, қызылды- жасылды, әдемі зәулім үйлер сондай тамаша үйлесім тапқан. «Нұржол» бульварында се­руен құрған сайын жүре бергің келеді. Голли­вуд, Болливуд фильмдері ойға оралады. Ду­бай, New York, Абу - Дабиде жүрге н сықылдымыз. Бәрі үйлесімді әрі тұрғындарға қолайлы етіп ойластырылған. Бір сөзбен айтқанда, арман қала!

Негізі, әріптесім екеуміз келгенбіз. Іс- шараға бірге қатынастық. Ертесіне кешкісін қайтуға беттедік. Көп кісілермен таныстық. Бір-бірлеріміздің жай-күйімізді, журналисти­каның ахуалын білдік. Ең бастысы, қызықты жолсапар болды. Осы бір кезді, қызықты сәттерді қағазға түртіп қоюды ұйғардым. Бұл да естен кетпес естелік болып қалар...

Жақсы күніміз көп болғай!

ТҮЙІН: Қазақ мемлекетінің аста­налары көп болған. Соның ішінде Сығанақтың, Сарайшықтың, киелі Түркістанның өзіндік орны мен шежі­ресі бір төбе тарих саналады. Жаһан­ға аты шыққан хандар, сұлтандар, билер, игі-жақсылар сол орталықтар­да жасаған. Шаһарлардың қарқын­дап дамуы үшін, қолдарынан келген бар өнерін салған. Бұның бәрі бола­шаққа, келешек ұрпаққа жасалған сарабдал істер саналды. Ұзақ жылдар бойғы сәулет өнерінің сырлары мол мұрасы ретінде бізге жетті.

Негізі, астана сөзі «табалдырық» дегенді білдіреді екен. Мұның мәнісі кез келген әлемге табан тигізіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатынын сездіреді. Қазақ мемлекеттілігі бекем болып, ел жүрегі саналатын Елорда­мыз қарыштап дами берсін деген ті­лектестік білдіреміз.