Бір тамшы қан

Бір тамшы қан
almaty-akshamy.kz

Джеймс Харрисон 60 жыл бойы, әр үш апта сайын қан тапсырып тұрады екен

Австралия тұрғыны Джеймс Харрисон 13-ке толған жылы ажал тырнағына ілігеді. Оған дер кезінде күрделі ота жасалып, қан құйылып, өлім аузынан аман қалады.

Сол кезде оған бақандай 13 литр қан құйылған екен. Әрине, ол тұста баланың тірі қалғанына қуанғандар қан мәселесіне пәлендей мән бермеген.

Джеймс кәмелетке толған кезде толық медициналық тексерістен өтпекке емханаға келеді. Оның қан құрамын тексерген дәрігерлер ауыздарын ашып қалады. Бозбала қанының өте ерекше, ерекше болғанда да, оның плазмасында жүкті әйел мен іштегі шаранаға ауадай қажет өте сирек кездесетін антидене бар екені анықталған. Ал бұл антиденесіз құрсақтағы бала анемиямен қоса сарғайып не өлі тууы мүмкін. Дәрігер Джеймске осының бәрін түсіндіреді. Бәрін үнсіз тыңдап алған жас жігіт дәрігерге «Айына неше рет қан тапсырып тұруыма болады?» деген бір ғана сұрақ қойыпты. Сол оқиғадан бері 60 жыл бойы, әр үш апта сайын Джеймс Харрисон үйіне жақын маңдағы емханада қан тапсырып тұрады екен. Әр барған сайын 400 миллилитр плазма тапсырып тұратын қария 60 жылдан астам уақытта 377 литр плазма тапсырған.

Бүгінде қарияның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оның қанынан алынған антидене бүкіл әлемдегі шамамен  2 000 000-ға жуық жүкті әйелге құйылған. Ғажап!