Болашақ цифрлық энергетика мен жасыл энергетикада

Болашақ цифрлық энергетика мен жасыл энергетикада
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Nobel Fest халықаралық фестивалінің ашылу сессиясы аясында қазақстандық кәсіпкер және меценат Исламбек Салжанов Қазақстанды заманауи әлемде айтарлықтай ілгерілете алатын технологиялар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бизнесмен атап өткендей, интернетті блокчейн технологиялар, жасанды интеллект, кеңейтілген және виртуалды шындық, Big Data, финтех, биомедицина, кванттық компьютерлер, жасыл энергия алмастырып отыр.

«Бүгінде Қазақстанның бірегей тарихи мүмкіндігі бар, біз одан айырылып қалмауымыз керек. Бұл – технологиялық трансформация кезінде ғана ашылатын мүмкіндік. Дәл үшінші өнеркәсіптік революция Азия жолбарыстарына дамуда секіріс жасауға және әлемдегі инновациялық көшбасшы болуға көмектескен еді. Ал бүгін Қазақ барысының технологиялық секіріс жасап, қазақстандық жас ғалымдар мен инноваторлардың таланттары мен қабілеттерін әлемге көрсететін кезі келді. Қазір технологиялық революция уақыты, жаңа технологияларды жасау үшін терең тарихи тәжірибе қажет емес, өйткені бұл технологиялардың өзі әлем үшін жаңа», - деді Исламбек Салжанов.

Ол өзінің баяндамасында, Қазақстанды жоғары технологиялық дамыған елге айналдыру – Қазақстан Президентінің Үкімет алдына қойған басым міндеттерінің бірі екендігін атады.   Оның айтуынша, бүгінгі күні  қазақстандық кәсіпкерлер өздерінің стартаптарын құра отырып, инновациялық өнімдерімен және қызметтерімен әлемдік нарыққа шығып келеді.

 Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі, Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі «Altyn Qyran Foundation» қолдап отыр.