Белгілі бактериялардың 70%-ы бір немесе одан да көп антибиотиктерге төзімділігі артқан

Белгілі бактериялардың 70%-ы бір немесе одан да көп антибиотиктерге төзімділігі артқан
Сурет: Azimutmed.ru

Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарға көнбеушілік мәселесі туралы хабардарлықты арттыру апталығы шеңберінде Астанада ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары ДДҰ қолдауымен микробқа қарсы көнбеушілікті (МҚК)  эпидемиологиялық қадағалаудың ұлттық бағдарламасын нығайту және «Бірыңғай денсаулық» тұжырымдамасына сәйкес одан әрі іс-шараларды іске асыру бойынша өзекті мәселелерді талқылады.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) микробқа қарсы көнбеушілікке қатысты жаһандық қадағалау жүйесі (GLASS) антибиотикке төзімділіктің кең таралғанын анықтады. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, белгілі бактериялардың 70%-ы бір немесе одан да көп антибиотиктерге төзімділікті дамытты», - деп атап өтті «СЭСМҒПО» филиалының бактериялық инфекцияларды және антибиотикке көнбеушілікті бақылау жөніндегі референс зертханасының меңгерушісі Дина Аббасова. 

Микроорганизмдердің антибиотиктерге көнбеушілігі - бұл мутацияның нәтижесінде бактериялар геномының өзгеруі және одан кейінгі ең сәтті нұсқаларды таңдау. Қарсылық бактерияның түрлік белгісі ретінде қызмет етсе, туа біткен болуы мүмкін, деп қосты сарапшы. 

Бүгінгі таңда «антибиотиктерге көнбеушілік» адам денсаулығына, азық-түлік қауіпсіздігіне ең үлкен қауіптердің бірі болып табылады және кез келген жастағы және кез келген елдегі кез келген адамға әсер етуі мүмкін. Антибиотиктердің тиімділігінің төмендеуіне байланысты инфекциялық ауруларды емдеу қиындай түсуде. Антибиотиктерге көнбеушіліктің салдары ұзақ емдеуге жатқызу, медициналық шығыстар мен өлім-жітімнің артуы болып табылады.

Кеңеске қатысушылар адамдар мен жануарларды емдеу үшін микробқа қарсы препараттарды шамадан тыс және тиісінше пайдаланбау проблемаларын қарады, сондай-ақ зертханалық әлеуетті күшейту, денсаулық сақтау, ветеринария, қоршаған ортаны қорғау секторларында келісілген ден қою шаралары бойынша ұсынымдар ұсынылды.

Кеңеске ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері, ДДҰ-ның Қазақстандағы, Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілдері, тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы, барлық мүдделі ведомстволар мен құрылымдардың медицина қызметкерлері, «Қазақстан Республикасындағы микробқа қарсы препараттарға көнбеушілікті (тұрақтылықты) тежеу» Жол картасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері қатысты.