Базалық ставка деген не?

Базалық ставка деген не?
almaty-akshamy.kz

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ

Осының алдында ақша-несие саясатына қатысты қалам тербесек, бүгін базалық ставканың не екенін қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамыз. Ол еліміздегі кредит пен депозиттердің пайыздық сыйақы мөлшерлемелеріне тікелей әсер етеді.

Базалық ставканы еліміздегі монетарлы билік болып табылатын Ұлт­тық Банктің ақша-несие саясаты жөніндегі Комитеті бекітеді. Қазір оның деңгейі 16,5%, ал ауытқу коридоры плюс минус 1 пункт. Бұл нені білді­реді? Демек, еліміздегі екінші деңгейлі банктер Ұлттық Банктен 17,5 па­йызбен кредит ала алады. Сонымен бірге, Ұлттық Банкке 15,5 пайызбен депозит сала алады.

Осы базалық ставка арқылы Ұлттық Банк инфляцияны реттеп отыра­ды. 2020 жылы орын алған пандемиядан кейін бүкіл әлем бойынша тауар тасылымы тоқтап қалды да, планета масштабында қымбатшылық күрт артып кетті. Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4% болып тұрған, ал 2022 жылы ол 20,3 пайызға дейін бірден көтерілді. Жалпы, былтырғы жылды біз үшін инфляциялық шок кезеңі деп айтсақ болады.

Классикалық экномикалық теорияға сай, инфляция тым өршіп тұрған­да орталық банктер базалық ставканы жоғары деңгейде ұстау керек. Біздің Ұлттық Банк те былтырғы жылдың соңында ставканы 14 пайыздан бірден 16,75 пайызға көтерді.

Ұлттық Банк неге базалық ставканы жоғары көтерді? Оның себебі өте қарапайым. Ақша массасы тауарлар мен қызметтен көбірек болса, бірден қымбатшылық басталады. Яғни ақша тым көп кезде инфляция күшейеді. Нарықтағы осы ақша массасын қаржыгерлер «өтімділік» деп атайды. Ал енді, егер базалық ставка жоғары болса, онда коммерциялық банк депозит­терінің де сыйақысы жоғары қойылады. Мысалы, қазір базалық ставка 16,5% кезінде, банк депозиттері өз клиенттеріне қысқамерзімді салымдар­ға орта есеппен 17,7% ұсынуда.

Осы кезде банк депозиттеріне ақшаны салу, жинау өте тиімді болады. Барлық өтімділік осы депозиттерге (және облигацияларға) ауыса бастай­ды. Сәлден кейін нарықта басы бос ақша азаяды. Соның нәтижесінде, тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі баяулап, инфляция жоспарлан­ған қалыпқа келеді.

Содан кейін инфляция сабасына түсіп жатса, орталық банктер базалық ставканы жайлап түсіреді. Ол кредиттің арзандап, экономикалық бел­сенділіктің қайта жандануы үшін қажет.

Экономика – әрі-бері ырғалатын әткеншек сияқты. Ал оны қажет кез­де сырғытып, қажет кезде тежеп тұратын көзге көрінбейтін күш – ақша- несие саясаты. Өз кезегінде, базалық ставка осы саясаттың негізгі құралы болып табылады.