Баланы ата-әжесіне беру дұрыс па?

Баланы ата-әжесіне беру дұрыс па?
Elarna.net

Қазақ отбасында әдетте тұңғыш бала ата-әжесіне тән. Бұл – бұрыннан келе жатқан үрдіс. Алайда баланы ата-әжесіне түбегейлі берудің дұрыс та, бұрыс та тұстары бар.

Ата-әжесіне тән болып өскен бала еркін де ерке болып өсетіні белгілі. Өйткені, оның тіреуі, жақтаушысы мықты, ешкім бетінен қақпайды. Балалыққа салынып бірдеңе бүлдірсе де, араша түсетін сүйеуі бар. Тапқанының бар жақсысын сол немересінің алдына үйіп-төгіп отырады. Бірақ мұндай қамқор­лықтың да шегі бар. Алдын алмаса, баланы бассыздыққа, тым тәлпіштікке апаруы мүмкін. Есеюге асықпаған бала тіршілікке епсіз, тым ерке, шолжаң болып өседі. Ал мамандардың айтуынша, баланы үш жасына дейін анасынан мүлдем ажыратуға болмайды. Бала анасы арқылы әлемді танып, айналасына деген мейірімі оянады.

Ал бөлектеген жағдайда, оның әсері кейін баланың өмірінде көрініс табуы мүмкін.Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Ескендір Бестай – тұңғышын ата-әжесіне берген тұрғындардың бірі. Өзі өте сауатты, жақсы қызметте жұмыс істейді. Десе де, жаңадан үйленген шақта аяқтан тұрып алғанша солай жасауға мәжбүр болғанын, әлі де бұл ісі үшін өкінетінін айтады.

«Менің өмірдегі ең үлкен қателігім – үлкен ұлымды ата-әжесіне беруім. Соның салдарымен әлі де күресіп келеміз.Тұңғышымды қазір қолыма алғаныммен, қарым-қатынаста басқа балаларыма қарағанда едәуір айырмашылық байқалады.

Мысалы, ата-анасымен ділдік байланыстың болмауы, анасына қайнысы сияқты қарым-қатынасы, ойын ашық айтып, сырласа алмауы сияқты кедергілер бар», – дейді төрт баланың әкесі Ескендір Бестай.

Дегенмен, ол үлкендердің тәрбиесінің жақсы тұстарын да жоққа шығармайды. Баласының сөз саптауы дұрысталып, ойы тереңдей түскенін байқаған. Әрі ол бұл мәселені шешуде екі жақты да ренжітпей мәмілеге келуді насихаттайды. Оның ойынша, жауапкершіліктің басымдығы әкелер қауымына түседі. Баласына да, әке-шешесіне де дұрыс шешімді жеткізе білу сауаттылықты талап етеді.

МАМАН ПІКІРІ

Елжас ЕРТАЙ, педагог:

АТА-АНАНЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРА АЛМАЙДЫ

Ата-әженің отбасында, баланың өмірінде өзіндік орны мен атқаратын функциясы бар. Ал егер ата-әже ата-ананың рөлін алып, орнын басқысы келсе, баланың болашақ өміріне тек зияны тиеді. Мысалы, жаңа туған баланы анасының қойнынан алып қоятын, қолына алса, еркелетсе қабақ түйетін, «әке», «ана» деп атамауға үйрететін ата-әжелер кездеседі. Мұндай әрекеттер баланы әке-шешесінен алыстатып жібереді. Баланың өмірінде ата-әжесі мен ата-анасы екі бөлек ұғым, екі түрлі фигура екенін мойындау керек. Әр бала өз ата-анасының қасында өсуі тиіс. Ата-әже қанша тырысса да, қамқорлығын жаудырса да, туған әке-шешесінің орнын толтыра алмайды.

Кейбіреулер қазақтың маңдайына біткен Абай мен Шоқанды, дүйім жұртты дүр сілкіндірген Димашты әжелері тәрбиелеген деп, бұл үрдісті ұрандатуға тырысады. Бірақ бұрын жағдай басқаша деңгейде болғанын ескерген жөн. Ол кезде ауызбен кемпір-шалдың баласы болғанымен, бәрі бір шаңырақта, бір аулада тұрды. Әке-шешенің махаббатына тойып, ата-әженің де тәрбиесіне сусындап өскен бала озық ойлы болып өсетіні анық. Ал қазіргі жағдайда, көбіне әке-шешесі қалада, ал бала ауылда ата-әжесінің қолында. Бұл – баланың даму процесіне кері әсерін тигізетін жағдай.

 

Гүлжанат СЕМБАЙ, студент:

ҚОҒАМ АТА-ӘЖЕ ТӘРБИЕСІНЕ ЗӘРУ

Мен ата-әжемнің тұңғыш немересімін. Ауылда сол кісілердің тәрбиесін алып, ата-әжеге тән болып өстім. Алшақ өскендіктен болар, ата-анамды аға, тәте деп атап үйреніп кеткенмін. Қоғамда ата-әженің тәрбиесін көрген, солардың бауырында болған бала басқаша болады, әке-шешесіне бағынбай кетеді деген түсінік қалыптасқан. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Керісінше, көпті көрген үлкендердің тәрбиесін алғаныма қуанамын. Ата-әжем мені кішкентайымнан өздерімен той-жиыннан қалдырмай, ертіп жүретін. Даналыққа толы, салмақты әңгімелерін тыңдап жүріп-ақ, бойыма көп жақсы қасиеттерді сіңіріп, ерте есейдім. Соның әсерінен болар, қазір маған жастарға қарағанда, егде жастағы адамдармен әңгіме-дүкен құрып, араласып кету оңайға түседі. Өмірде жасаған әр қадамымда әжем мен атамның айтқан ақылдары құлағымда жаңғырып тұрады. Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ қоғамы үшін ата-әженің тәрбиесі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Себебі, ата-әже тәрбие­сі – бала үшін таптырмас тәрбие мектебі. Ата-әжесінің қолында өскен­дер өз ата-анасынан алыстап, бөтенсіп қалады дейтіндер бар. Үлкендер өз немересін ешқашан туған әке-шешеден алшақтатпайды. Керісінше, олар сені дүниеге әкелді деп санасына құйып өсіреді. Өзімді ата-әжем асыл дініміз бен салт-дәстүрімізді сабақтастыра тәрбиеледі.