Балаларға аудиологиялық скрининг не үшін жүргізіледі?

Балаларға аудиологиялық скрининг не үшін жүргізіледі?
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматылық дәрігер балаларға неше жаста және не үшін аудиологиялық скрининг жүргізілетінін айтып берді.

Алматы №36 қалалық емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі Динара Қайыпованың айтуынша, аудиологиялық скрининг жаңа туған нәресте мен кішкентай балалардың есту қабілетінің бұзылуын дер кезінде анықтау, мүгедектікке әкеп соқтыратын аурулардың алдын алу және оңалту  мақсатында жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Аудиологиялық скрининг екі кезеңде жүргізіледі.

Бірінші кезең - жаңа туған нәрестеге өмірінің алғашқы 24-72 сағатында перзентханада өткізілетін неонатальды аудиологиялық скрининг.

Екінші кезең – жас санаттары бойынша: 3 ай, 1 жас, 2 жас, 3 жас, 6 жасты қоса алғанда емхананың балаларды дамыту кабинетінде жүргізіледі.

«Егер бала қандай да бір себеппен перзентханада аудиологиялық скринингтен өтпесе, онда стационардан шығарылғаннан кейін тіркелген жердегі медициналық ұйымның балаларды дамыту кабинетіне бірінші кезеңдегі аудиологиялық скрининг жүргізу үшін сигнал жіберіледі», - деп бөліседі Динара Қайыпова.

Екінші кезеңді өткізу үшін емхана қызметкері алдымен жеке және жазбаша шақыру, жадынамалар, үнпарақтар, телефон байланысы, хабарламалар немесе қолжетімді мобильді медициналық қосымшалар арқылы аудиологиялық скрининг жүргізу қажеттілігі туралы бекітілген тұрғындарға хабарлайды.

Педиатр жүргізетін екінші кезеңдегі аудиологиялық скрининг жүргізудің міндетті шарты зерттеу кезінде балада жедел респираторлық және жұқпалы аурудың болмауы.

«Егер балада есту қабілетінің жоғалуы анықталса, бала динамикалық бақылауға алынады және барлық қажетті емдеу шарасы жүргізіледі, атап айтқанда, балаға және ата-анасына сурдопедагогпен есту қабілетінің бұзылуы анықталған сәттен бастап, қалдық есту қабілетін, коммуникативті дағдыларды - сөйлеу, ақыл-ой функциялары, моториканы дамыту бойынша сабақтар өткізіледі», - деп түйіндеді маман.