Ақмола облысында “Браконьер” операциясы қорытындыланды

Ақмола облысында “Браконьер” операциясы қорытындыланды
Polisia.kz.

Ақмола облысында “Браконьер” операциясы қорытындыланды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Polisia.kz сілтеме жасап.

Табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және анықтау, браконьерлік фактілерінің жолын кесу мақсатында 3-9 тамыз аралығында Ақмола облысының аумағында “Браконьер” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Зеренді ауданындағы Мырзакөлсор көлінде өткен рейдтік іс-шара барысында полицейлер Көкшетау қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласының тұрғындарын ұстады.

Браконьерлерден 80 килограмм тұқы балығы және синтетикалық монофиламенттен жасалған жалпы ұзындығы 420 метр болатын алты тор тәркіленді. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы аумағында қолданыстағы балық аулау ережелеріне сәйкес “қытай” желілерін, яғни синтетикалық монофиламент желілерін пайдалана отырып, балық аулауға жол берілмейді.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 383-бабының 3-бөлігі (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы, “Браконьер” операциясының жеті күнінде 228 әкімшілік құқық бұзушылық және бір қылмыстық теріс қылық анықталды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК 382-бабы бойынша заңсыз аң аулау ережелерін бұзғаны үшін 144 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК 383-бабы бойынша су жануарларын заңсыз аулағаны және балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 76 әкімшілік материал жасалды.

ҚР ӘҚБтК- 381-1-бабы (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша сегіз құқық бұзушылық анықталды, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақта заңсыз аң аулағаны үшін ҚК 337-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.