"Азық-түлік корпорациясы" АҚ басшылары ұсталды

"Азық-түлік корпорациясы" АҚ басшылары ұсталды
Сурет: ашық дереккөз

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми Telegram-арнасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

«Астық ұрлау фактілерін жасыру үшін пара беру әрекеті кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның көмекшілері әшкереленді. Сонымен қатар, жасалған қылмысты жасыру үшін астық базаларының бұрынғы директоры мен оның серіктестері пара бергені анықталды. Қазір күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» — делінген хабарламада. 

Сонымен қатар,  inbusiness.kz. мәліметі бойынша Астана қаласында қаржы департаментінің директоры мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ бас менеджеріне қатысты тергеу аяқталды. Тергеу барысында олар бидай түрінде тауарлық несие бергені үшін коммерциялық ұйым басшысынан 800 мың теңге сомасында пара алғаны анықталды. Айыпталушылар сотқа тартылды.

Арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижелері бойынша «Азық-түлік корпорациясы» АҚ Қостанай облыстық өкілдігінің директоры әшкереленді. Ол ЖШС өкілінен 100 мың тонна бидай көлемінде тауарлық несие алу мәселесін кедергісіз шешкені үшін 350 мың теңге сомасында пара алды деп күдіктеледі. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.