Ажар Ғиният Ләззат Ералиевамен медицина ғылымын дамыту мәселесі бойынша кездесті

Ажар Ғиният Ләззат Ералиевамен медицина ғылымын дамыту мәселесі бойынша кездесті
Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ләззат Ералиевамен медицина ғылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселесі бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы 2022 жылға арналған Ғылым бойынша Ұлттық баяндама дайындады, онда Қазақстан ғылымы саласындағы қазіргі ахуал, оның алдағы 5 жылға арналған проблемалары мен даму болжамдары көрсетілген.

Қазіргі уақытта Ұлттық ғылым академиясы форсайттық зерттеу жобасын әзірлеумен айналысады, ол үшін 4 отандық және 4 шетелдік мамандарды қамтитын сараптамалық топ құрылды.

2023 жылға арналған форсайттық зерттеудің басым бағыттарының бірі геномдық редакциялау зертханаларын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу болып табылады.

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық академияның ғылымды насихаттау, қазақстандық ғалымдардың беделін арттыру және елдегі ғылымды дамыту үшін ғалымдарды тарту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарына қолдау көрсетуге және қатысуға дайын екендігін білдірді.

Кездесу барысында Қазақстанда ядролық медицинаны дамыту, медициналық ҒЗИ, ҰО базасында ғылыми кадрлар даярлау, иммундау мәселелері сияқты маңызды мәселелер көтерілді. Диагностика мен емдеудің клиникалық стандарттарына инновациялық технологиялардың интеграциясын жеделдету қажеттілігі анықталды.

Кездесу соңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният отандық медицина ғылымын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеу мақсатында белсенді ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті.