Жат елдегі ерлік

Жат елдегі ерлік
almaty-akshamy.kz

7 сәуір – тәжік-ауған шекарасын қорғауда 17 сарбаз ерлікпен қаза болған күн

Тура 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен  1993 жылдан 1998 жылға дейін Ішкі әскердің жедел мақсаттағы әскери бөлім­дерінің 20 құрама рота –  2 мыңнан аса сарбазы мен офицері Қазақстан Респуб­ликасы жеке атқыштар құрама батальонының құрамында тәжік-ауған шекарасындағы жауын­герлік тапсырмаларды орындауға аттанған еді. 1995 жылдың 7 сәуірі ішкі әскер сарбаздары үшін қаралы күн болды.

Пшихавр шатқалындағы Пяндж өзенінің бойында Ішкі әскердің ротасына Ауғанстан жағынан моджахедтер шабуыл жасап, 17 сарбаз қаза тауып, 33 адам жараланды. Осы қанды шайқаста Ішкі әскер жауынгерлері жанқиярлық пен қаһармандық көрсетіп, әс­кери борышын өтеу жолында жат жердің шебін қорғау үшін жанын қиды.

Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде монумент тұрғызылды. Астана қаласында «Отан-Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған. Со­нымен қатар Шымкент, Петропавл және басқа да қалаларда батырларға арналған ес­керткіш бар.

Ішкі әскердің қазіргі Қазақстанның Ұлт­тық ұланы батыр жауынгерлерін ешқашан ұмытпайды. Ұлттық ұландықтар жыл сайын 7 сәуірде «Ерлік күнін» атап өтеді. Бұл шара биыл да ұйымдастырылды. Қаладағы әрбір әскери бөлімде еске алу жиыны өтті. Солар­дың бірі – 5572 әскери бөлімінің базасында­ғы кездесу. Кеше әскери бөлімге тәжік-ауған шекарасын қорғауға аттанған сарбаздар, Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшы­лығының басшы құрамы, Ұлттық ұлан арда­герлері, 5572 әскери бөлімінің жеке құрамы қатысып, 17 сарбазға қойылған еркерткіш- тақтаға гүл шоқтарын қойды, ерліктерін еске алды.

«Бүгін – ерлік күні, сол ерлікке тағзым күні. 7-ротаның командирі мен болдым. Ол кезде капитан шенінде едім. Сарбаздардың әскерге келгені, шайқасқа дайындығы, сол күнгі ерлігі көз алдымнан кетпейді. Өкініш­ке қарай, сарбаздарымыздың бәрі жастай өмірден озды. Арасында әлі 20 жасқа тол­мағандары да бар еді. Қыршын кеткен жастардың 12-сі ҚР Президентінің «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі, 5-і «Ай­бын» орденімен наградталды», – дейді тәжік-ауған шекарасында Отан алдындағы борышын атқарған запастағы полковник Ерлан Жарылқасынұлы.

Тәжік-ауған шекарасында жауын­герлік тапсырмаларды орындауға аттан­ғандардың бірі, қаза тапқан сарбаздар­мен 7-ротада бірге болған Жұмахан Шашубаевтың айтуынша, қанша жыл өтсе де, сол шайқас әлі көз алдынан кет­пейді.

«7 сәуір күні түскі сағат 12-де шайқас басталды. Пшихавр шатқалынан түсіп қалдық. Ұрыс сағат 12-ден кешкі сағат 18-ге дейін жалғасты. Басталған сәтте колонна келіп тоқтады. Бірінші «ВАЗ» автокөлігі жарылып, ұрыс басталып кетті. Сол шайқас үстінде 17 сарбазы­мыздан айырылып қалдық. Отанды қорғау үшін, тәжік-ауған шекарасындағы шие­леністің зардабы біздің елге де тимес үшін өз еркімізбен біздің ротадан 100 сарбаз аттанған едік», – деп еске алды.

Ниязтай БОЛАТҰЛЫ, ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылы­ғының тәрбие және әлеуметтік жөніндегі орынбасары, полковник:

– Бүгін Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімінде «Ерлік пен тағзым» атты іс-шара өткізіліп жатыр. Басты мақсаты – 1995 жылы Тәжікстан шекарасындағы бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның ерлікпен қаза тапқан 17 сарбазын еске алу. Мұндай шара жыл сайын өткізіледі. Сол жылдары әскерде қызмет еткен 46 жауынгеріміз бар. 7-ротада қызмет еткен Қазақстан бойынша 76 запастағы әскерлер бар. Осы батырлар­дың ерлігіне тағзым етіп, ардагерлерді ша­қырдық. Мұның түп негізі – әскери-патриот­тық тәрбие беру.