Димаш Құдайберген жырдан шашу шашты

Димаш Құдайберген жырдан шашу шашты
Сурет: Самат Құсайынов

Алматы көшелерімен өткен «Көш. Наурыз –думан» мерекелік керуені  «Астан» алаңына жетіп, мерекелік шара одан әрмен жалғасуда. «Астана» алаңында өткен Наурыз мерекесіне  келушілердің алдымен қауіпсіздігі сақталған. Тәртіп сақшылары тарапынан қауіпсіздік шаралары ойдағыдай ойластырыпты. 

Мерекелік шараға жиылған қала тұрғындары мен қонақтарын  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әз Наурыз мейрамымен  құттықтады.

Наурызнама іс-шаралары аясында негізгі концерттік бағдарламада отандық дәстүрлі, сондай-ақ  эстрада әншілері Көктемді бейнелеп,  Наурызды нақыштаған ән-жырдан шашу шашты. Ән шырқағандар арасында әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген де болды.

Жиылған жұртшылық  театрландырылған керуенмен жүріп өткен би, батыр,  аңшы, бүреітші, әнші,  сал-серілерді сомдаған қыз-жігіттермен суретке түсіп, мәре-сәре болып жатыр. Қызыққан жұрт бүркітші, аңшылардың  қырандарымен, тазы иттерімен суретке түсуде.

Меймандар ақшаңқан киіз үйлерге бас сұғып, қазақтың ұлттық тағамдары -- қазы-қарта, жал-жаядан ауыз тиіп, қымыз-шұбаттан дәм татуда, шәй ішіп таңдай жібітуде.

Керуенге 1000-нан аса қыз-бозбала, жігіт-желең  батырдың, бүркітші мен  ақын ретінде қатысқанын атап өткен жөн. Образдарды бейнелеген өнерпаздар ішінде ақ жаулықты аналарымыз да, елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған жігіт ағалары да жүрді. 

Қала тұрғындары мен қонақтары дөңгелекті киіз үйлер, қалыңдық күймесі, жібек, кілем, қамқа сынды маталар артқан түйелерді, қазақ халқының жеті қазынасының нышандарын көріп, таңғалғаны рас. Думандатып қол соққаны да содан болар. 
«Көш. Наурыз – думан» мерекелік керуені көңілді думанға ұласуда. Концерт жүргізушілер де жиылған жұрттың ішінен жастарды  әңгімеге тартып, қазақтың салт-дәстүрінен тартатын ырым-жоралғыларды сұрап, мерекелік көңіл-күйді көтеруге тырысуда. Наурыз-думан көтеріңкі күйде жалғасуда. Көңілді концерт кезінде  Көктен нұр жауып тұрды. Мұны да жақсы ырымға баладық.