Асылы Осман: Елдің бірлігі, ынтымағы маңызды

Асылы Осман: Елдің бірлігі, ынтымағы маңызды
Сурет: Қайрат Қоныспаев

 Қазақтың ертеден келе жатқан жақсы дәстүрлерінің бірі осы – Құрылтай шақыру.

Мұндай алқалы жиында ата-бабаларымыз ең маңызды мәселелерін талқыға салып, даудың да, жаудың да мәселесін шешкен. Құрылтайдың маңыздылығы да осында. Сол ұлық дәстүрдің қайтадан жаңғырып жатқанын естігенде қатты қуандым. Өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзгеден ерекше болып отырғаны да осы қазақтың бұрыннан келе жатқан бастамаларын жалғастырып отырғанында дер едім. Менің қазағым:  «келелі істі көппен шеш, шиеленісті еппен шеш» дейді. Елімізде өткен екі Құрылтайда да көптеген жақсы бастамалар көтеріліп, қазір олар жалғасын тауып жатыр. Ұлытауда өткен алғашқы құрылтайда 25 қазан - республика күніне қайтадан мемлекеттік мәрте берілді. Бұл - баршамыз үшін маңызды шешім. Өйткені, сонау 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның егемендігі туралы қабылданған декларация тәуелсіздікке басталған алғашқы қадам еді.  Тағы бір ерекшелік, Құрылтайдың әр аймақта өтуінде болып отыр. Мұның өзі Құрылтай өткен өңірдің дамуына серпін береді деген сөз. Алғашқы жиын ұлылардың табанының ізі қалған Ұлытауда өтсе, екінші Құрылтай барша түріктің ордасы болған Түркістанда өтті. Үшінші басқосу Жайықтың жағасында Атырауда басталды. Жалпы, өткізіліп жатқан барлық алқалы жиынның айтары біреу - елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Онсыз мемлекеттің өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Сондықтан, ел бірлігі басты мақсат екені белгілі. Осынау күрделі кезеңде елдің басын біріктіріп, қиындықтың барлығын ынтымақтың арқасында еңсере берейік!