Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері: Стратегиялық нысандар қатаң бақылауда болуы керек

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері: Стратегиялық нысандар қатаң бақылауда болуы керек
pricom.kz

Мемлекет басшысының жыл сайынғы  дәстүрге айналған Жолдауы ел дамуының басым бағыттарын айқындап, оның келешегіне батыл қадамдар жасайтын  басты құжат. Биылғы Жолдау да осы міндеттер үдесінен көрінді деп нық сеніммен айтуға болады.

 Мені көптен бері толғандырып,  өзегімді  өртеп жүрген  өзекті  мәселенің бірі мемлекеттің стратегиялық мәнге ие нысандарының жай-күйі, қорғалуы еді.  Бұл ретте су мәселесінің сөз болуы менің көңіліме қонды. Әсіресе, суды тиімді, үнемді пайдалануды ойлай бермейтініміз жаныма батады.

Су, таза ауа бар тіршілік атаулының көзі. Халқымыз "сулы жер - нулы жер" деп бекерге айтпаса керек. Сондықтан ол  мемлекеттің қарауында,  қатаң бақылауында болуы керек. Әсіресе трансшекаралық аймақтарда даулы мәселе болмауы тиіс. Тарихта суға қатысты талай мәрте тартысты, шиеленісті жағдайлар орын алғанын қаперден шығармауымыз керек. Әрине бізде құдайға шүкір  мұндай мәселе болған емес. Дейтұрғанмен "сақтансаң сақтаймын" деген принципті ұдайы назарда ұстаған жөн. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы Су  министрлігін құруға пәрмен беруі өте құптарлық іс.

Егер стратегиялық маңызы тұрғысынан алып қарайтын болсақ, табиғатты, қоршаған ортаны қорғаудан артық қасиетті міндет бола бермейді. Өйткені жұтқан ауаң, ішкен суың адам денсаулығын сақтаудың басты кепілі. Осы ретте кейінгі жылдарда табиғаты көркем Алматы сияқты шаһарлардың экологиясы  да сын көтермейтіні жасырын емес. . Тіпті қала ішінде экологяның қарапайым талаптарын да ескере бермейтін көліктерді бақылайтын экопостылар жұмысын бәсеңдетіп алған.Сонымен қатар таудан келетін салқын самалды тежейтін биік ғимараттар салуды да белгілі мөлшерде, әр жердің табиғи мүмкіндігін қатаң ескере отырып   шектеген жөн.  Сондықтан Экология министрлігін де қайта құрып, мәртебесін де заңмен бекіту кезек күттірмейтін мәселе деп білемін.  

Сонымен қатар ауыл, аудан әкімдіктерінің жоғарыға қол жайып отырмай,   бюджеті дербес болып, қаражатқа өзі қожалық етуі де дұрыс ойластырылған. 

Әсіресе Жолдауда балалардың оқуына, ата-анаға үлкен көмек болатын "Келешек" несиесінің қолға алынатыны қуантты. Жалпы халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын арттыруды мемлекеттің мойнына жүктеп қоймай,   табысы тайқазандай тасыған,  тиісті қорлар, компаниялар  арқылы да жақсартудың жолын іздеу керек. Сондықтан қосымша қаржы көздерін тауып, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден жоғары көтеруге де   мүмкіндігіміз зор. Бұл ретте  Мемлекет басшысының шетке кеткен активтердің еселеп  қайтарылып жатқанын атап өтуі де көп жайдан үміттендіреді.

Қорыта айтқанда, істің көзін таба білу, ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс, үйлесімді жүргізу -  Жолдауда айтылған талаптарды жүзеге асырудың басты кепілі.