Ана мен бала денсаулығы – басты назарда

Ана мен бала денсаулығы – басты назарда
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Оны бір адам қамтамасыз ете алмайды.

Бүгін Алматы қаласында «Перинатология және балалар кардиохирургиясы» орталығында болашақ аналарға арналған еліміздегі алғашқы «Бір күндік клиника» атты пилоттық жобаның ашылуы өтті, - деп хабарлайды Almaty Aqshamy.

Ана мен баланың денсаулығы бәрімізді де алаңдататын мәселе. Оны бір адам қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан мемлекет және қоғам болып дені сау ұрпақты өмірге әкелу, ана мен баланың өмірі үшін бірлесе жұмыс істеу қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселеге ерекше көңіл бөлуде. Мемлекеттік және жергілікті бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға бөлінуі де бекер емес.

Ана мен баланың денсаулығы бәріміз үшін маңызды мәселе екенін ескерсек бүгінгі өткен шараның қаншалықты қажет екеніне көзіміз жетеді. «Бір күндік клиника» жобасының ашылу шарасына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау Департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, Денсаулық сақтау министрлігінің Департаменттің Ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шакизат Халыкова, сонымен қатар  «AYALА» қайырымдылық қорының коммуникация бойынша вице-президенті Наталья Еськова және «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс бойынша үйлестірушісі Жанар Қошпанова қатысып сөз сөйледі. Сонымен қатар, шараға Астана және Шымкент қалаларынан, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды облыстарынан денсаулық сақтау басқармасының басшылары мен дәрігерлер, генетик мамандар қатысты.

Әсем Нүсіпова өз сөзінде қала әкімінің ана мен бала денсаулығы мәселесіне ерекше назар аударатынын айтты.  Әкімдік алғашқы медициналық қызмет көрсету стандартын бекітті. Соның аясында 1 ауруғанаға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Әуезов және Жетісу аудандарында АМҚК орталықтары ашылды. Алатау және Түрксіб аудандарында 4 сондай орталықтың құрылысы жалғасуда. Биыл жоғары технологиялы медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету жоспарда бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің Департаменттің Ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шакизат Халыкова жобаның мәні мен мақсаты жайлы егжей-тегжейлі айтып өтті. Оның сөзінше елімізде 400 мыңдай бала жылына дүниеге келсе, соның 1%-ға жуығы мүмкіндігі шектеулі болып дүниеге келеді. Ал «Бір күндік клиника» жобасы соның алдын алуға бағытталған.

Бұл ақпаратты «Almaty Aqshamy» газетінің алдағы санынан толығырақ оқи аласыздар.