"Алтын Орда" базарының бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

"Алтын Орда" базарының бұрынғы басшысына сот үкімі шықты
Сурет: ашық дереккөз

Алматы облысында "Алтын Орда" базарының бұрынғы атқарушы директоры сотталды, - деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алтын Орда" базарының бұрынғы атқарушы директоры Ермек Марқабаевқа 296-баптың 4-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша айып тағылды.

Сот мәліметінше, былтыр жазда Алматы - Бішкек тасжолында полиция қызметкерлері артқы жолаушылар орындығында сотталушы отырған автокөлікті тоқтатқан. Жеке тінту кезінде оның ішінде ұнтақ зат бар байлам табылып, тәркіленді. Сот-химиялық сараптама нәтижелері бойынша бұл зат психотропты зат болып шықты - салмағы 1,796 грамм болатын мефедрон.

Прокурор сотталушыны кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамай, айғақ беруден бас тартты.

"Сот жаза тағайындау кезінде сотталушы М.-ның баласының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.

Қылмыстық жауаптылықты немесе жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімі бойынша, М., ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Еске салайық, Ермек Марқабаев 2023 жылдың маусымда "Алтын Орда" маңында ұсталған болатын. Содан кейін полицейлер тінту кезінде одан ұнтақ пен тапанша табылғанын хабарлады.