Алматылықтар XI Азия чемпионатының жеңімпаздарын әуежайдан күтіп алды

Алматылықтар XI Азия чемпионатының жеңімпаздарын әуежайдан күтіп алды
Сурет: Самат Құсайынов

Қазақстандық жүзгіштер Азия чемпионатының 14 рекордын және Қазақстанның 3 рекордын орнатты.

Жүзгіштерді күтіп алуға 2016 жылы өткен олимпиада ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин де келіп, ұлттық құраманы құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Спортшыларымызды жеңістерімен құттықтаймын. Бұл нәтиже жүзгіштер мен бапкерлердің үлкен еңбегі. Олар өте жоғары нәтиже көрсетті. Бұл жетістіктерімен тоқтамай, бұдан да үлкен жеңістерге жетуіне тілектеспін. Себебі, алда Азия чемпионаты мен Олимпиада ойындары күтіп тұр. Мен құраманың жетістігін мақтан тұтамын»,- деді Д. Баландин.

Биылғы чемпионатта 4 жарыс күнінің қорытындысы бойынша жүзуден Қазақстан құрамасы 20 алтын, 11 күміс, 5 қолаға қол жеткізіп, тарихи нәтиже көрсетті.

«Бізді осындай құрметпен күтіп алып жатқанына қуаныштымыз. Жарысқа Қаңтар айынан бастап дайындалдық. Жеңіске жетуге осының алдындағы жарыстар мен тәжірибелердің септігі тиді. Топтық есеппен 2 орынды иелендік. Қарсыластар мықты спортшылар.  Бар күш-жігерімізбен намысты қолдан бермей, байрағымызды биікке көтере алдық. Бұл нәтижемен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі жарыстар бар», - деді 15-17 жас арасында 50 метрге арқамен жүзуден алтын медаль иегері Егор Попов қуанышты сезімімен бөлісіп.

Қазақстандық жүзгіштер Азия чемпионатының 14 рекордын және Қазақстанның 3 рекордын орнатты. Жалпы командалық есеппен отандастарымыз 2 орында тұр.