Алматыдан ұйқы қашқан түн, Ленің лицензиясы, Аптаптың кесірінен шала туу көбейеді

Алматыдан ұйқы қашқан түн, Ленің лицензиясы, Аптаптың кесірінен шала туу көбейеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені

Алматыдан ұйқы қашқан түн

Кешегі жер сілкінісінен кейін халықты қабылдау пункттерінде түнде 102 адам қонған. Оның ішінде 43 бала бар. Алматының әлеуметтік нысандары мен көппәтерлі тұрғын үйлерінің қирағаны туралы 156 өтініш түскен. Бүгін әуежай, теміржол вокзалдары мен метро штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 

Энергетикалық сусындар сатылымын реттеу маңызды

Жұрт газдалған сусындардың адам ағзасына кері әсерін айтып жеткізе алмай жүргенде, тіпті кока-кола, фанта, спрайтты былай қойып, қазір зияндылығы жағынан оларды он орайтын энергетикалық сусындар шықты. Оны жиі ішетін адамдарда асқазан-ішек аурулары, асқазан жарасы, жүрек-қан тамырлары аурулары пайда болатыны жиі айтылып жүр. Ал мектеп жасындағы балалар, оның ішінде 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 40%-дан астамы бұл сусындарды күнделікті тұтынатыны анықталған. Себебі жарнамасы күшті. Сондай-ақ жер-жердегі дүкендерде, дүңгіршектерде еркін сатылады. Негізі, дәрігерлер 15 жасқа толмаған балаларға және созылмалы аурулары бар адамдарға энергетиктерді ішпеуге кеңес береді.          

Аптаптың кесірінен шала туу көбейеді

Мұндай қауіп көк желегі жоқ аймақта немесе күндізгі аптап ыстықтың табы түнде де қайтпайтын өңірде күшейеді. Аптап ыстық пен құрғақшылық халықтың өсу қарқынын тежейтіні де айтылды. Мұндай қатерден аяғы ауыр әйелдер өзін салқын жерде күтіп ұстауы арқылы қорғай алады. Дәлірегі, күтінген жүкті әйелге аптап ыстықтан төнетін қатер деңгейін 10-12 пайызға дейін төмендетуге болады.

Тұңғыш комментаторлардың бірі еді

Қазақ спорт журналисі, комментатор Рабат Жәнібеков 82 жасында дүниеден озды.

Рабат Жәнібеков – қазақтың тұңғыш спорт комментаторларының бірі. 1942 жылы 27 маусымда Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Рабат ауылында дүниеге келген.

Ленің лицензиясы

Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – оқ ату спортының өкілі Александра Ле. Отандасымыз Джакартада (Индонезия) өткен оқ атудан лицензиялық Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

«Бұл – мен үшін күтпеген жаңалық болды. Олимпиадаға жолдама жеңіп алғанымды ең бірінші бапкерімнен білдім. Ол финалдан кейін мен лицензия жеңіп алғанымды айтпағанда, білмес едім. Қуанышты жаңалықты естігенде қатты таң қалдым», - деп Александра сол кездегі эмоциясымен бөлісті.