Ле алған лицензия

Ле алған лицензия
Сурет: видеодан алынды

Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – оқ ату спортының өкілі Александра Ле. Отандасымыз Джакартада (Индонезия) өткен оқ атудан лицензиялық Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын жеңіп алды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

50 метрден пневматикалық винтовкадан оқу ату жарысының финалында Александра Ле жетінші орынға табан тіреп, құрама қоржынына кезекті Олимпиада лицензиясын салды.  

«Бұл – мен үшін күтпеген жаңалық болды. Олимпиадаға жолдама жеңіп алғанымды ең бірінші бапкерімнен білдім. Ол финалдан кейін мен лицензия жеңіп алғанымды айтпағанда, білмес едім. Қуанышты жаңалықты естігенде қатты таң қалдым», - деп Александра сол кездегі эмоциясымен бөлісті.

Кейіпкеріміз кәсіби спортпен 2017 жылдан бері айналысып келеді. Оның бұл спорт түрімен шұғылдануына сыныптасы себепші болған. Оқ ату спортының жаттығуына бармай тұрып Александра мұндай кәсіби спорт түрі бар екенін білмеген. Жас спортшының спорттағы алғашқы қадамдары сәтті басталған соң, ол бұл спорт түрімен шындап айналыса бастаған.  

«Мен бұл спортқа келгенде Олимпиадаға қатысуды, ең үздік нәтиже көрсетуді армандап, өз алдыма мақсат қоя бастадым. Егер сіз өз күшіңізді толық көрсете алсаңыз, міндетті түрде жеңіске жетесіз. Мен бой түзеп, сол сияқты болғым келетін жалғыз адам бар, ол – менің жаттықтырушым. Яғни, ұлттық құраманың бас бапкері – Ольга Довгун. Мен онымен жұмыс істеу үшін Ұлттық команда қатарына қатты қосылғым келді. Мен Ольга Довгунмен бірге жұмыс істегенді жақсы көремін», - дейді спортшы.

Өз кезегінде ұлттық құраманың бас бапкері және Александраның жеке жаттықтырушысы жас қыздың кәсібилігі жоғары деңгейде екенін атап өтеді. Оның айтуынша, Александра өзге спортшылардан өзінің талантымен, адалдығымен ерекшеленіп тұрады.

«Маған оның ең ұнайтын қасиеті, ол сәтсіздікке ұшыраса да өз қателігін сұраудан, жаңа бір нәрсе үйренуден ешқашан қорықпайды. Ол әрқашан өз ойын маған айтып отырады. Шәкіртім жарыс жолына шыққанда мен қолдау білдіру үшін үнемі оның артында отыруға тырысамын. Ол оны сезеді. Тіпті, тәуір нәтиже көрсетіп жатса да менен қолдауды қатты күтеді», - дейді Ольга Довгун.

Кейінгі жылдары Александра ішкі жарыстарда да, халықаралық бәсекелерде де үздік нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, ол ел чемпионатында бір алтын, үш күміс және 1 қола медаль жеңіп алса, Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатында 2 қола медаль олжалады. Ол өзінің жетістікке жетуінде жақындарының қолдауы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.  

«Бір кездері әкем маған «Сені бүкіл әлем танитын болады» деп айтқаны бар, бірақ ол қандай жолмен танылатынымды айтқан жоқ. Менің ойымша, қолда тұрған мүмкіндікті ешқашан жібермеу керек. Мен тегіммен әрқашан мақтанамын. Егер тегім осы жерде (Азия чемпионатында) көпшіліктің есінде қалса, онда бүкіл әлемнің есінде қалады деген сөз», - дейді Ле.