Энергетикалық сусындар сатылымын реттеу маңызды

Энергетикалық сусындар сатылымын реттеу маңызды
almaty-akshamy.kz

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына жүгінсек, алдағы 5-6 жылда бүкіл адамзаттың жартысына жуығы артық салмақ мәселесімен бетпе-бет келетін көрінеді. Яғни, семіздік – жекелеген адамдардың ғана бас ауруы емес, қоғамдағы өзекті мәселеге айналып барады.

    Көпшілігіміз қомағайлық, яғни тамақты шамадан тыс көп жеу семіздікке ұрындырады деп ойлайтынымыз белгілі. Әрине, белгілі бір мөлшерде ол рас та. Өйткені құнарлы тағамдар адамның тез толысуына себепкер болады. Оның үстіне бүгінде жұрт жаппай қозғалыстан қалып барады. Екі аттам жердің өзіне көлікпен барамыз, жаяу жүрмейміз. Кеңседе күні бойы компьютердің алдында тапжылмай отыруға бармыз. Ал үйде бүкіл жұмыс тұрмыстық техниканың көмегімен атқарылады. Қолмен кір жуып, еңбектеп жүріп үй тазалайтын адам аз. Осыдан кейін ішкен-жегеніміздің бойға сіңуі, қорытылуы да басқаша болатыны түсінікті. Ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуынан да адам тез толысады. Ал семіздік қатерлі ісік, қант диабеті, гипертония, стенокардия, миокард инфаркті, өтте тас пайда болуы сияқты басқа да көптеген сырқаттарға апарып соқтыруы мүмкін екені мамандар сөзінен мәлім.      

    Салауатты өмір салтының бір көрінісі – дұрыс тамақтану десек, соған сай ішіп-жеп, ас-ауқатына жіті көңіл бөліп жүргендер қатары да санаулы. Әсіресе жастар жағы шикілі-пісілі фаст-фуд өнімдермен жүрек жалғауға құмар. Бұрынғы ет, сүт, қымыз, шұбат сияқты табиғи өнімдерден гөрі, қазір жартылай фабрикаттардан дайындалатын тағамдар өтімді. Жұрт газдалған сусындардың адам ағзасына кері әсерін айтып жеткізе алмай жүргенде, тіпті кока-кола, фанта, спрайтты былай қойып, қазір зияндылығы жағынан оларды он орайтын энергетикалық сусындар шықты. Оны жиі ішетін адамдарда асқазан-ішек аурулары, асқазан жарасы, жүрек-қан тамырлары аурулары пайда болатыны жиі айтылып жүр. Ал мектеп жасындағы балалар, оның ішінде 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 40%-дан астамы бұл сусындарды күнделікті тұтынатыны анықталған. Себебі жарнамасы күшті. Сондай-ақ жер-жердегі дүкендерде, дүңгіршектерде еркін сатылады. Негізі, дәрігерлер 15 жасқа толмаған балаларға және созылмалы аурулары бар адамдарға энергетиктерді ішпеуге кеңес береді.          

    Елімізде қайбір жылдары мектеп асханасында және оған жақын жерлерде газдалған сусындар мен фаст-фуд өнімдерді сатуға шектеу қойылғаны бар-тын. Жас ұрпақтың денінің саулығы мен оларды салауатты өмірге бейімдеу мақсатынан туындаған осы бір оңды шешім көп ұзамай ұмытылып, әркім қайтадан баяғы әуеніне басты. Құрамы күмәнді, пайдасынан зияны басым өнімдер қазір кез келген дүкен сөресінде самсап тұр. Тәтті сусындар мен сырттан келген кондитерлік өнімдердің жарнамасы жер жарады.

    Есесіне, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, бос уақытты, демалысты дұрыс ұйымдастыра білу сияқты салауатты өмір салтын насихаттайтын шаралар жетіспейді. Әсіресе, ұялы телефонға, компьютерге бір кірсе күні-түні тырп етпеуге бар, оның сыртында ішкен-жеген тағамы да  талғаусыз жасөсірімдердің артық салмақ қосуға бейім екені, бара-бара семіздік дертіне шалдыққандар қатарын толықтырары даусыз. Ұлт болашағын, ұрпақ саулығын ойласақ, осы жағына көңіл бөліп, мәселенің алдын алуға тырысқан жөн.