Алматыда өртенген үйде қалып қойған 93 жастағы кейуана құтқарылды

Алматыда өртенген үйде қалып қойған 93 жастағы кейуана құтқарылды
Сурет: Orken-media.kz

Алматылық құтқарушылар өртенген үйден 93 жастағы кейуананы құтқару сәті түсіп қалған видеоны жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

22 желтоқсан сағат 13:51 кезінде Түрксіб ауданы Бакинская көшесіндегі жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен.

Онда жалпы ауданы 60 шаршы метр аумақта жеке тұрғын үйдің шатыры жанып жатты. Жақын маңдағы үйге де қауіп төнді.

Құтқарушылар 4 минутта келді. Олар 1929 жылы туған әжені үйден алып шықты.

Өрт 14:15-те оқшауланып, 14:27-де сөндірілді.

Аға инженер Тұран Асылхан терезені сындырып жатқанда, көмекке келген бөлімше командирі Санжар Тайсариев мен өрт сөндіруші Нұржан Жанқоразов есіктерді ашып, құлыпталған бөлмеге кірді. Онда егде жастағы әйел болды.

Қария үйде не болып жатқанын түсінбеді.

Олар кейуананы көтеріп, таза ауаға алып шықты. Сосын әрі қарай тексеру үшін жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды.

Дәрігерлердің қарауынан кейін 93 жастағы әже туыстарына берілді. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.