Алматыда көпқабатты тұрғын үй өртеніп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді

Алматыда көпқабатты тұрғын үй өртеніп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді
Cурет: Алматы ТЖД

Өрт кезінде 120 адам эвакуацияланған

11 желтоқсанда сағат 23:58-де Алмалы ауданы, Брусилов көшесі бойындағы «Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешені өртке оранды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Өрт сөндірушілер келген сәтте «Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешенінің 6-7 қабатындағы екі блок, сондай-ақ 17-18-ші қабат жанып жатқан.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өртеніп жатқан тұрғын үй кешенінен адамдар эвакуацияланып, кейін өрт толықтай сөндірілгенін хабарлады.

 «Тілсіз жауды ауыздықтауға 70-тен астам қызметкер мен 18 техника жұмылдырылды. Эвакуация жүргізілді. Сол жерде тұрған жеке көліктердің көп болуы өрт сөндіру техникасына кедергі болғанына қарамастан, өрт баспалдақтары қойылды, адамдарды құтқару және эвакуациялау үшін АКТП-54 автоматты телескоптық топсалы көтергіш пайдаланылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшелері шығыс және батыс жағында орналастырылған. Өртті сөндіру кезінде 120-дан астам адам эвакуацияланып, 20 адам құтқарылған.  

Ведомствоның баспасөз қызметі өрттің 01:10-да оқшауланғанын мәлім етті.