Алматыда қоғамдық көлік ұрысы ұсталды

Алматыда қоғамдық көлік ұрысы ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Қоғамдық көлікте ұрлық жасады деген күдікпен бұрын сотталған азамат ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Күдіктіні біздің бөлімшенің арнайы топ мүшелері Әуезов аудандық ПБ әріптестерінің көмегімен қылмыс үстінде ұстады. Жұмыс нұсқаларының біріне сәйкес, 44 жастағы А.есімді азамат Алматының батыс бөлігінде, шағынаудандарда ұрлық жасап жүрген. Соңғы жағдайда 67-бағыттағы қоғамдық көлікте жолаушының Samsung телефонын білдірмей ұрлап алған. Қазіргі уақытта тергеу амалдарымен айғақтық негізде жұмыс жүргізіліп, күдіктінің осыған ұқсас басқа да ықтимал қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. А.есімді азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Ұсталған азамат 2020 жылы ұрлық жасағаны үшін сотталған. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.