Алматыда қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған монумент ашылды

Алматыда қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған монумент ашылды
Сурет: Polisia.kz

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жетісу аудандық полиция басқармасында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алуға арналған монумент ашылды.

Шараға Алматы қалалық ПД-ның басшылығы, жеке құрам, ардагерлер мен қаза тапқан полицейлердің туыстары қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарынан бері 80-нен астам алматылық тәртіп сақшысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде, оның 37-сі қылмыспен ымырасыз күресте қаза тапты. Олар туыстары мен әріптестерінің мәңгілік жадында. Біз Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт өмірі жолында жанын қиған әрбір қаза болған полиция қызметкерінің бейнесін, игі істері мен ерліктерін жадымызда, жүрегімізде сақтаймыз. Олардың барлығы Отан алдындағы борышын жанқиярлықпен, адал атқарды. Олардың ерлігі мен қаһармандығы құрметке лайық және үлгі болмақ», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Енді монумент аясында жас қызметкерлердің Ант қабылдау рәсімдері өткізіліп, мереке күндері осында салтанатты іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

«Қылмысқа қарсы күрес және құқық қорғау саласындағы қызметтік борышын абыроймен атқаруға дайындығы ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби іс-әрекетінен айқын байқалып тұр. Осы аралықта полиция департаменті қаза болған қызметкерлердің отбасыларына жан-жақты қолдау, көмек көрсетуді жалғастыруда, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келеді. Олар мәңгі біздің жүрегімізде», – деді Арыстанғани Заппаров.