Алматыда ЭКО процедурасын жасаушылар саны артқан

Алматыда ЭКО процедурасын жасаушылар саны артқан
Сурет: Inform.kz

Осы мақсатта өткен жылы 3,5 млрд теңге жұмсалған.

2021 жылы Медициналық сақтандыру қоры тегін көмек пакеті шеңберінде көрсетілген медициналық көмекке 82,2 млрд теңге жұмсады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Былтыр Алматыда Медициналық сақтандыру қоры тегін көмек пакеті шеңберінде көрсетілген медкөмекке 82,2 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде, 9,8 млрд теңге жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметіне, 36,8 млрд теңге – бастапқы медициналық-санитарлық көмекке, яғни, емхана деңгейінде көрсетілген қызметтерге, 16,5 млрд теңге – онкологиялық көмекке, 2,4 млрд теңге – консультативтік-диагностикалық көмекке, 5,8 млрд теңге – амбулаторлық гемодиализге бөлінді», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Сонымен қатар, ол жоғары технологиялы медициналық қызметтерді пайдалану көрсеткіші артқанын тілге тиек етті.

«Қор 2021 жылы жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляцияларға 14,9 млрд теңге төледі. Мысалы, 2020 жылы Алматы қаласы бойынша жалпы құны 563 млн теңге болатын 643 ЭКО процедурасы жасалған болса, 2021 жылы аталған қызмет саны 5,7 есе артқан. Өткен жылы 3687 экстракорпоральды ұрықтандыру жасалып, оған 3,5 млрд теңге жұмсалды. Тағы бір мысал, 2020 жылы жоғары технологиялардың көмегімен 184 кардиохирургиялық операция жасалған болса, 2021 жылы аталған қызмет көлемі 7 есе артып, 1329 ота жасалған. Оған қор 5,7 млрд теңге төледі», - деді ол.

2021 жылы тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 24,8 млрд теңге бөлінді.

«Тегін медициналық көмек пакеті бойынша 35 түрлі сырқат бойынша дәрі-дәрмек беріледі. Ал, МӘМС пакетінде ересектерге 41 нозология, балаларға 63 нозология бойынша дәрі беріледі. 2021 жылы тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 24,8 млрд теңге бөлінген болатын. Жыл соңына дейін тегін медициналық көмек пакетінде – 219 мыңнан астам пациент, МӘМС пакетінде – 26 мыңнан астам ересек пен 40 мыңнан астам бала дәрімен қамтамасыз етілді. Ал, 2022 жылға 20 млрд теңгенің дәрі-дәрмегін сатып алу туралы жоспар бекітілді. Дәрілік заттар жыл басынан бері бекітілген кесте бойынша жеткізіліп жатыр», - деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қаласы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.