Алматыда Beu fest жаңа жұлдыздарға үлкен сахна ұсынды

Алматыда Beu fest жаңа жұлдыздарға үлкен сахна ұсынды
Суреттерді түсірген - Қ.Қоныспаев

Бүгін, 24 маусым, сенбі – Алматыдағы шаңғы трамплині аумағында Beu fest музыкалық фестивалі өтіп жатыр деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

«Сұңқар» халықаралық спорт кешенінде жас музыканттар мен жаңа жұлдыздар өз көрермендерін жинады. 

Шараны «Beu Radio» Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыруда. Жас және жаңа жұлдыздардың сахнасына Ninety One, Мирас Жүгінісов, Dequine, Akha, Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Sadraddin, Кенжебек, Ayree, ALPHA, Ayafunk, Ayau, Rusha, Taspay, Mona Songz, Orynkhan, Duman Marat, Sagdi, Оntoğyzoneki және т.б. талантты әншілер мен музыкалық топтар шақырылған. 

Алматылық жастардың концерттік шарасына қолдау көрсету мақсатында қала әкімі Ерболат Досаев та көрермен ретінде қатысты. 

Beu fest музыкалық фестивалі биыл екінші рет өткізіліп отыр. Ол өзінің алматылық жас көрермендеріне берден танымал болған сахна ретінде де белгілі. Көрермендерінің саны мен ықыласы «Сұқар» кешені маңындағы көлік кептелісінен де байқалады. 

Концерттік шара жайындағы сұрағымызға ұйымдастырушы топтың мүшесі Жаннұр Айдарбекова былай деді: «Биылғы фестивальдің ерекшелігі үлкен сахнаны армандап жүрген жас заманауи музыканттарды шақырдық. Біздің Beu-FM-нің де мақсаты осы жастарды қолдап, олардың көрермендерімен қауышатын сахна әзірлеу». 

«Beu Radio» өкілінің айтуынша алматылық жас көрермендердің ықыласы айрықша. Олардың талабынан шығу үшін домбырада және қазақтың жас әншілерінің шығармаларын орындап жүрген кореялық Соң Уон-Суб (Song Won Sub) атты өнерпазды арнайы шақырған.