Алматыда «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды

Алматыда «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды
Суреттер: ҚайратҚоныспаев

Алматы қаласының Медеу ауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Бұл орталықтың негізгі мақсаты – егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ қарттарға және зейнет жасына жеткен азаматтарға, сонымен қатар зейнет жасына жетіп, денсаулық жағдайына байланысты емге мұқтаж қарттарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсету.

79 жастағы Ырымбала Саттанова – жаңа орталыққа алғаш келушілердің бірі. Немере-шөберелерін аяқтандырған әже енді өзіне уақыт тауып, денсаулығын күтіп жүр. Осы орталықта түрлі іс-шараға қатысып, замандастарымен бірге уақытын тиімді әрі пайдалы өткізгісі келеді.

"2019 жылдан бастап қаланың ортасындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығына барып жүрдік. Бізге алыс болатын. Енді міне үйіміздің жанынан ашылып қуанып отырмыз. Осы бір ауданның өзінен 90-ға жуық қариялар бар. Барлығымыз осы жерге келіп үйірмелерге қатысып, уақытымызды өткізетін болдық. Осы уақытқа дейін скандинавиялық жүріс, йога, ағылшын тілі сынды үйірмелерге қатысып, өзімізбен қатарлса жандарды кездестірген едік", – дейді зейнеткер Ырымбала Саттанова.

Орталықта көптеген қызмет түрі көрсетіледі. Атап айтсақ, йога, сауықтыру және ұзақ өмір сүру психологиясы, би, жадты нығайту техникасы, цигун, скандинавиялық серуендеу, вокал және хор, емдік дене шынықтыру, қазақ және ағылшын тілдері, психолог пен заңгер кеңесі, еңбек терапиясы және сәндік-қолданбалы өнер, тоғызқұмалақ және шахмат, актерлық шеберлік, аква аэробика, теннис.