Алматыда «БАҚ туралы» заң жобасы талқыланып жатыр

Алматыда «БАҚ туралы» заң жобасы талқыланып жатыр
Сурет: интернеттен

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының 16 отырысы өтті.

Алматыда VIII сайланған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасының талқылануы жайлы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Масс-медиа» заңы тартысты және мазмұнды талқыланып жатыр. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының 16 отырысы өтті. Одан бөлек, 4 жұмыс кездесуі, бүгін бесіншісі өтіп жатыр. Барлығы 21 отырыс өткіздік. Қазіргі кестеде 179 позиция бар. Оның ішінде 26 позицияны медиа-қоғамдастық өкілдері, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп әзірленген нормалар болатын», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат атағандай, журналистерді аккредиттеу мәселесі көп сұрақ туындатқан.

«Үкіметтен келіп түскен нормада журналистерді аккредиттеу және оларды жеңілдетілген аккредиттеу, «баспасөз картасы» деген үш ұғым берілді. Біз аккредиттеуді негізгі толыққанды бір ұғым қалдыруды сұраймыз. Жеңілдетілген және «баспасөз картасын» алып тастауға байланысты «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бірлесіп «баспасөз картасын» алып тастау бойынша түзету енгізді», - деді ол.

Депутат аккредиттеу ортақ ұғымға және ортақ негізделген тәртіпке негізделуі қажет екенін айтты.

«Егер ол жеңілдетілген немесе оның онлайн тағы да басқа түрлерін ұсынсақ, азаматтар арасында түсінспеушілік туындайды. Конституциялық теңдік мәселесі де туындайтынын медиа-қауымдастық өкілдері дәлелдеп, дәйекті түрде жеткізді. Мәжілістің «Масс-медиа» заң жобасы бойынша жұмыс тобы мен депутаттар «баспасөз картасы» деген норманы қолдамайды. Ол норманы алып тастауға байланысты түзеиту енгізілді. Оны әрі қарай дауыс беру арқылы бірлесіп шешеміз», - деді ол.