Алматыда «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы» бекітілді

Алматыда «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы» бекітілді
Сурет: Almaty-akshamy

Бұл - бес ай ішінде атқарған жұмыстардың нәтижесі.

Алматы қаласы мәслихатының XXV сессиясы барысында «Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» (бұдан әрі – даму бағдарламасы) бекітілді.  Отырысқа Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, әкімнің орынбасарлары, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Даму бағдарламасын дайындау кезінде қолданыстағы стратегиялық жоспарлар, халықаралық тәжірибе, әлемдік мегаполистерді дамыту қағидаттары зерделенді, қала өмірінің барлық салаларындағы ахуал талданды, сын-қатерлер ескерілді, тұрғындардың мыңдаған өтініштері өңделді.

Даму бағдарламасы - Алматы әкімдігінің  және түрлі қызмет салаларынан тартылған маманданған 130-дан астам сарапшылардың  5 ай ішінде атқарған жұмыстарының нәтижесі. Бағдарлама Алматы тұрғындарының ұсыныстарына негізделді - ағымдағы жылдың шілде айында қала тұрғындары даму бағдарламасының негізгі басымдықтарына 1280 түсініктеме жіберді.  Өзінің сөзінде Ерболат Досаев Алматының барлық тұрғындарына бағдарламаны талдауға  белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді.

Даму бағдарламасының базалық  қағидаттары - жайлы қалалық орта құру және Алматының барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыру болып табылады.

Даму бағдарламасында 7 негізгі бағыт айқындалған:

-              Жайлы қалалық орта;

-              Орнықты экономикалық өсу;

-              Басқарылатын урбандалу;

-              Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық;

-              Жасыл Алматы;

-              Смарт сити;

-              Қауіпсіз қала.

Отырыс барысында бағыттардың әрқайсысы туралы Алматы әкімінің орынбасарлары мен цифрландыру басқармасының басшысы толық баяндады.

«Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» Алматы қаласы сайтында жарияланды.

Сонымен қатар сессияда бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қабылданды.