Алматыда «Алаш ісі» кітабының таныстырылымы өтті

Алматыда «Алаш ісі» кітабының таныстырылымы өтті
Сурет: видеодан алынды

Жинақ тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің жетекшілігімен жарық көрді.

Еңбекте Алаш ісіне қатысты 1927-1930 және 1930-1932 жылдар аралығындағы КСРО-ның Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы жүргізген жасанды тергеу істерінің құжаттары мен материалдары қамтылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Іс-шараға алаштанушы ғалымдар, жас ізденушілер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Жинастырушылардың сөзінше, мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы жарлығының арқасында ғасырға жуық уақыт жабық жатқан құжаттық қорлар ашылған. Бұдан бөлек қазір президент архивінде жинақталған тергеу материалдары бойынша 12 томдық «Алаш Ордашы» деген кітап даярланған. Жинақ жыл соңына дейін жарық көреді деп жоспарланған.

«Томдар арқылы оқырман «Алаш ісі» деген не? Алаш сот процесі қалай жүрді? Онда не туралы айтылды? Алаштың ой-арманы, мақсаты не екендігі айтылады осы құжаттарда. Бұл кітаптар белгілі дәрежеде жеткен бізге Алаштың аманаты деп айтуға болады. Сондықтан бұл 100 жылдан бері өзінің кезегін күтіп жатқан құжаттар», - дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев.