Алматы ТЖД бастығы сотталды

Алматы ТЖД бастығы сотталды
Сурет: Gov.kz

Оған билігін асыра пайдаланғаны үшін деген айып тағылған.

Алматы ТЖМ департаментінің басшысы сыбайлас жемқорлық үшін 3 жылға сотталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Руслан Қасыбаев мердігерге орындалмаған жұмыстары үшін ақша аударып, техникалық қадағалау қорытындысын шығармай, өрт сөндіру бөлімдерінің бірін қабылдаған.

ҚР Әскери сотының апелляциялық алқасы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Руслан Қасыбаевқа қатысты үкім шығарды. Сот мердігерге нақты орындалмаған жұмыс көлемі үшін толық құнын заңсыз төлегенін және техникалық қадағалаудың оң қорытындысынсыз қаланың өрт сөндіру бөлімдерінің бірін пайдалануға қабылдағанын анықтады.

Қасыбаев билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды, өмір бойы мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру құқығынан айырылды.