Алматы мектептерінің бірінде бас есепші 330 млн теңгеден астам қаражат жымқырған

Алматы мектептерінің бірінде бас есепші 330 млн теңгеден астам қаражат жымқырған
Сурет: Kazpravda.kz

Алматыда балалардың қауіпсіздігін прокурорлар тексеруде.

Жүргізілген тексерулер балалардың қауіпсіздігі саласында қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетті.

Оған ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жарты мыңнан астам бұзушылықтар, балаларды тасымалдау және білім беру мекемелерін қорғау ережелерінің, санитарлық және өртке қарсы нормалардың бұзылуы, сондай-ақ оқушылар арасында буллинг фактілерінің анықталуы дәлел.     

Тексерулер нәтижесінде 10 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, шамамен 60 млн. теңге өтелді, 67 қадағалау актісі енгізілді және 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Бұдан басқа, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою мақсатында, оның ішінде оқушылар арасындағы  буллингке қатысты, оқушылар немесе олардың ата-аналарына онлайн режимде қалалық прокуратураға тікелей жүгінуге мүмкіндік беретін "QR-код" әзірленді.

Мектеп психологтарының біліктілігін арттыру мақсатында қала прокуратурасы "NGS" Жаңа Буын Мектебі алаңында мемлекеттік мектептердегі барлық психологтардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың және білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен семинар ұйымдастырды.

Сонымен қатар прокурорлар 330 млн. теңгеден астам сомаға бюджет қаражаты ұрланғанын анықтады.

Мысалы, Бостандық ауданының прокуратурасы мектептердің бірінде жалақыға арналған бюджет қаражатын, бас бухгалтердің ұрлағанын анықтады.

Аталған құқық бұзушылық мемлекетке 160 млн.теңге залал келтіре отырып, мектептің жұмыс істемейтін қызметкерлеріне және өзінің жақын туыстарына ақша қаражатын аудару жолымен жасалған.

Осыған ұқсас ұрлық фактілерін Медеу, Алмалы, Түрксіб және Алатау аудандарының прокурорлары анықтады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.