АҚШ елшілігі Абайға құрмет көрсетті

АҚШ елшілігі Абайға құрмет көрсетті
Сурет: Inform.kz

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Абай күні құрметіне өз ауласында киіз үй құрды. Бастаманы АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм көтерген.

Киіз үй құру видеосы елшіліктің әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Елші Дэниел Розенблюм елшіліктің ауласында қазақ үй құру рәсіміне аса қуанышпен белсене араласты. «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді» дейді ұлы Абай», - деп жазылған елшілік хабарламасында.

Елшіліктің хабарлауынша, киіз үй күн райы суытқанша тұрады. Кейінірек елшілік ішіне ауыстырылады.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Абай күні аталып өтеді. Биыл қазақтың ұлы ақынының туғанына 178 жыл толды.

2020 жылы Абайдың 175 жылдығында 10 тамыз – Абай күні болып бекітілген еді. Қазақтың ұлы ақыны, ұлттық жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы, ағартушы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген.

Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей-теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті. «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» - Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында. Абай қазақтың өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан Абайды қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп атауға болады.