Әр жеңімпазға 5 млн: «Айбоз» әдеби сыйлығына өтініш беру 1 қыркүйекке дейін жалғасады

Әр жеңімпазға 5 млн: «Айбоз» әдеби сыйлығына өтініш беру 1 қыркүйекке дейін жалғасады
Сурет: ашық дереккөз

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына бүгінге дейін 64 өтініш түскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Оның ішінде «Үздік проза» номинациясына – 26 шығарма, «Үздік драма» – 2 өтінім, «Үздік поэзия» - 21, «Үздік әдеби сын» аталымы бойынша – 1 өтінім, «Үздік әдеби аударма» - 4, «Үздік балалар әдебиеті» - 8, «Үздік комикс» - 2 өтінім.

Әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 млн теңге. Әр номинацияға 5 млн теңгеден қарастырылған. Үміткерлердің өтінімі 2023 жылғы 1 мамыр мен 1 қыркүйек аралығында www.aiboz.kz сайты арқылы қабылданады. Әдеби сыйлық жыл соңында табысталады. Байқауға отандық қаламгерлер қатыса алады және үміткерлердің жас ерекшелігіне шектеу жоқ.

"Айбоз" – отандық қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын ұлттық әдеби сыйлық.

«Байқауға бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған шығармалар ғана қабылданады. Бұл қазақ әдебиетінің қоры 7 номинация бойынша жүздеген жаңа туындымен толығады деген сөз. Сонымен қатар қаламгерлер арасында бәсеке пайда болып, соның нәтижесінде оқырманға өзекті, қызық әрі заманауи шығармалар жол тартады»,- деді ҚР МСМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.