1 сәуірден бастап мұғалімдерді жұмысқа алу цифрлық форматқа көшеді

1 сәуірден бастап мұғалімдерді жұмысқа алу цифрлық форматқа көшеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізуге бағытталған.

1 сәуірден бастап педагогтерді мектепке жұмысқа қабылдау бойынша жаңа модуль іске қосылады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Цифрлық қызмет Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілді. Бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізуге бағытталған.
Сондай-ақ педагогтерді аттестаттауда құжаттарды тапсыру бойынша да автоматтандыру енгізіліп жатыр. Енді педагогтердің барлық мәліметі "Педагог портфолиосы" модулінде жинақталады. Мұнда педагог туралы, оның білімі, денсаулық жағдайы, жұмыс тәжірибесі, құқық бұзушылықтар, аттестаттаудан өту, марапаттары және тәлімгерлік пен цифрлық құжаттар туралы электрондық ақпарат сақталады.

"Ашықтық пен есептіліктің болуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басты рөл атқарады. Осы модульдерді енгізе отырып, педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде қағаз жүзіндегі құжат айналымын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толық жою жоспарланып отыр. Жүйені іске қосу алдында басқарма, бөлімдер мен білім беру ұйымдарының мамандары үшін оқыту ұйымдастырылды", – деді Оқу-ағарту министрлігі цифрландыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаева.

Бұған дейін аталған модуль Шымкент қаласында және Қарағанды облысының Шахтинск қаласында сынақтан өтті. Сондай-ақ, жұмыс іздеу және қажет персоналды таңдау бойынша еліміздің басқа өңірлерінде де Ұлттық білім беру деректер қорының "Электрондық еңбек биржасы" платформасымен өзара интеграциясы жоспарланған.